— Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады. Біз екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптаймыз әрі БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындаймыз. Қазақстан Таяу Шығыстағы өңірлік бітімгерлікке бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Ибраһим келісімі секілді дипломатиялық ұсынымдарды қолдайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы АҚШ Президентінің араағайындығымен Әзербайжан мен Армения қарым-қатынасының қалыпқа түскенін атап өтті.
— Бұл дипломатия мен парасатты шешімнің арқасында ұзақ жылға жалғасқан кез келген қақтығысты реттеуге болатынын дәлелдеді. Қазақстан осы қағидатқа сүйеніп, дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды, — деді Президент.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-сессиясының Жалпы дебаттың ашылуына қатысып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк төрінде БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзін Jibek Joly арнасы тікелей эфирде көрсетті.
Осыдан бұрын Мемлекет басшысы БҰҰ мінберінде Украина айналасындағы дағдарысты шешудің басты қағидатын атады.