Бұған дейін Бербок алдағы жылға арналған көзқарасын «Бірлесіп әрекет ету» ұранымен жариялап, бірлік, ынтымақ және ұжымдық қимылды басты қағидалар ретінде атаған болатын.
Реформа қажет пе?
— Қандай да бір елдің — оның көлемі, күші немесе байлығы қаншалықты мықты болса да — біз бетпе-бет келіп отырған шексіз сын-қатерлерге жалғыз өзі қарсы тұруы мүмкін емес, – деді ол сәрсенбі күні Нью-Йоркте журналистерге берген сұхбатында. — Бұл ұйым терең бөліну кезеңінде — адамзат тарихындағы ең қараңғы сәттердің бірінде дүниеге келді. Бірақ сол уақыт бізге БҰҰ Жарғысын сыйлады. Ол бүгін де бізге бағыт-бағдар беріп, қандай ортақ мақсатқа ұмтылатынымызды еске салып отырады.
Бербоктың айтуынша, сексен жыл — үлкен кезең, ал дүние жүзі бұл уақыт ішінде түбегейлі өзгерді. Сондықтан БҰҰ өз мерейтойын атап өтіп жатқан дәл қазіргі сәтте, ұйым жұмысын қайта қарастырып, жаңғырту қажет.
— Біз 8 миллиард адамға — бұл ұйымның маңызды екендігін көрсетуіміз керек, – деді ол.
Бербок сессия барысындағы жұмыстың «БҰҰ-80» реформалық бастамасын ілгерілетуге, жаңа Бас хатшыны таңдауға, сондай-ақ «Болашақ үшін Пактіні» жүзеге асыруға бағытталатынын атап өтті.
Жоғары деңгейдегі апта
Алдағы жоғары деңгейдегі аптаға тоқталған Бербок шамамен 150 мемлекет пен үкімет басшыларының, сондай-ақ мыңдаған делегаттың қатысуы күтілетінін айтты. Ол дипломатия мен диалогтың маңыздылығын әлемдік көшбасшыларға үнемі еске салып отыратынын жеткізді.
— Менің көшбасшыларға жолдайтын үндеуім мынадай болады: сөйлесіңіздер, тыңдаңыздар, талқылаңыздар, – деді Бас Ассамблея төрайымы.
Ол келесі негізгі іс-шараларды ерекше атап өтті:
• БҰҰ-ның 80 жылдығына арналған салтанатты отырыс;
• Палестина мәселесі бойынша бейбіт шешімге қол жеткізуге арналған конференция;
• Әйелдердің жағдайы жөніндегі төртінші Бүкіләлемдік конференцияның және Жастарға қатысты жаһандық іс-қимыл бағдарламасының 30 жылдығына арналған жоғары деңгейдегі кездесулер;
• Жұқпайтын аурулардың алдын алу және оларға қарсы күрес, сондай-ақ психикалық денсаулық пен әл-ауқатты нығайту жөніндегі жиын;
• Рохинджа мұсылмандары мен Мьянмадағы басқа да аз ұлттардың жағдайы жөніндегі конференция;
• Ядролық қаруды толық жою жолындағы халықаралық күрес күніне арналған арнайы сессия.
Берік ұстаным
Бербоктың айтуынша, БҰҰ шектеулі ресурстармен барған сайын күрделі мәселелерге тап болып отыр.
— Біз таңдау сәтіне келдік – бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы мен көпжақты әріптестіктің шынайы сын сәті. Бірақ дәл қазір біз бұрынғыдан да қажырлы еңбек етуіміз керек. 1945 жылы біздің ізашарларымыз пікір қайшылықтарын еңсеріп, бірлесе әрекет етуге батылдық пен көрегендік танытты. Бүгінде бізге дәл сондай берік ұстаным қажет, – деді ол.
Бербок бұл ұстанымды пікірталастар кезінде және бүкіл сессия барысында әлемдік көшбасшыларға жеткізетінін айтып, былай деп түйіндеді:
— Уәделерді — нақты іс-қимылға, міндеттемелерді — прогреске, үмітті — шынайы нәтижеге айналдыру үшін жұмыс істеуіміз керек.
Айта кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясы жиынында сөз алған Дональд Трамп БҰҰ-ны сынға алды.