— Мемлекет басшысының Нью-Йорктегі биылғы сапары кездесулерге бай болып жатыр. Бұл Қазақстанның, Президенттің өзінің Еуразия аумағында рөлі нығайып келе жатқанын көрсетеді. Осы тұста АҚШ-тағы елшіліктің сапарға тыңғылықты дайындалып, қыруар шаруа атқарғанын ерекше атап өту керек. Chevron, ExxonMobil, Cameco, Amazon, Meta, Wabtec, Blackstone, Citigroup, Embraer, PepsiCo компанияларының басшылары Қазақстан туының астында өткен келіссөздерге тартылуы үлкен еңбекпен келген нәтиже екені анық. Іс жүзінде инвесторлар форумы АҚШ-та көшпелі отырыс өткізді деп сипаттауға болады, — дейді халықаралық коммуникация сарапшысы Азамат Байғалиев.
Саясаттанушы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дональд Трамппен әңгімесіне ерекше назар аударып отыр.
— Әлемдік саясаттың кіл серкелері АҚШ-та бас қосып жатқанда мұндай кездесу ұйымдастыру өте қиын. Ақ үйдің өзі Қазақстан басшылығымен жеке кездесіп жатқанда ірі халықаралық компаниялар да бұл істен шет қалмауы заңдылық іспетті дүние. Екі ел басшыларының кездесуі Қазақстан әлемдік орталықтардың бәрімен — АҚШ-пен де, Қытаймен де, еуропамен де, араб әлемімен де бірдей байланыс ұстай беретінін көрсетті.
Жағымды инвестициялық шарттар мен өзара тиімді келіссөздерді Қазақстан бұдан былай да құшақ жайып қарсы ала беретінін аңғартты. Келіссөздердің бәрі АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікке тың серпін береді. Оның ішінде энергетика, жаңа технологиялар, қауіпсіздік салалары да бар. Ал АҚШ Президенті Wabtec компаниясымен арада жасалған $4,2 млрд теңгенің келісімін қуаттайтынын мәлім етті, — дейді ол.
Тағы бір саясаттанушы Ғазиз Әбішев АҚШ қазір де әлемдік қаржы, сауда жүйесін бақылауында ұстап отырғанын айтады.
— Жетекші технологиялардың тізгіні де АҚШ-тың қолында. Сондықтан Қазақстанның басқа мемлекеттер сияқты АҚШ-пен тығыз байланыс ұстануы қалыпты қадам. Қазақстан шын мәнінде индустриялану үшін сапалы инвестицияны молынан тарту керек. Еліміз бейбітшілікті ту еткен саясат ұстанады. Батысқа қарсы ұрандардан өзін аулақ ұстап, ядролық қаруға ұмтылып отырған жоқ. Мұның бәрі Қазақстанды тартымды әрі сенімді әріптес етіп танытады, — дейді саясаттанушы.
Есік салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сапары аясында Президент Дональд Трамптан бөлек, ірі компаниялардың басшыларын тарта отырып, 20-дан астам кездесу өткізген еді.