Жүргізушілер әлеуметтік желіде мәлім еткеніндей, автогаз құю үшін кезекке 3-4 сағат тұруға мәжбүр. Олар облыста газ өндірілсе де, бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына наразы.
Осыған орай Kazinform тілшісі мәселенің анық-қанығын білу үшін БҚО энергетика, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына арнайы сауал жолдаған еді.

Басқарма басшысы Бейімбет Мусиннің мәлім еткеніндей, қыркүйек айына «Жайықмұнай» ЖШС-ның тасымалдау жоспары бойынша 3 198 тонна сұйытылған мұнай газы көлемі қарастырылған.
— Осы көлемнің 80 пайызы облысқа 18 қыркүйекке дейін жеткізілді. 18 қыркүйектен бастап Рожков кең орнында жөндеу жұмыстары басталуына байланысты зауыт жұмысы уақытша тоқтатылды. Энергетика министрлігі 19 қыркүйекте Атырау мұнай өңдеу зауытынан қосымша 1 мың тонна бөлді. Қазіргі уақытта өңірге сол көлемнің 234 тоннасы алынды, — деді Б.Мусин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жүргізушілер сұйытылған газ тапшылығына тап болғанын жазған едік.
Оралда автогаз бірде бар, бірде жоқ екендігі жөнінде жүргізуші айтты.