Дания астанасындағы Скандинавияның ең ірі әуежайы «Каструпта» дүйсенбі күні кешке аэродром маңында белгісіз дрондар байқалғаннан кейін әуе кеңістігі жабылды.
Копенгаген полициясының дерегінше, онда екі-үш ірі дронның ұшуы тіркелген.
– Ешбір әуе кемесі ұшып кете де, қона да алмайды, – деді әуежайдың баспасөз хатшысы Лиз Агерли Курштейн.
Оның айтуынша, шамамен 15 рейс өзге әуежайларға бағытталды.
Қала полициясының кезекші офицері Аннетте Остенфельдт оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, дрондар жеке тұлғаларға қолжетімді әдеттегі үлгілерден әлдеқайда ірі болған.
Түнгі сағат 00:30 кезінде, шамамен төрт сағаттан кейін, рейстер қайта жалғасты. Flightradar24 деректеріне сәйкес, әуе кеңістігі жабық болған кезеңде барлығы 50 рейс қосымша әуежайларға жіберілді.
– Копенгаген әуежайы дрондар салдарынан жабылғаннан кейін жұмысын қайта бастады. Дегенмен рейстерде кешігулер мен тоқтатулар болуы мүмкін. Жолаушыларға авиакомпаниялардан келетін ақпаратты бақылап отыру ұсынылады, – делінген әуежайдың X-тегі хабарламасында.
Норвегия астанасының «Гардермуэн» әуежайы да белгісіз дронның ұшуына байланысты уақытша жабылды.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, 12-14 рейс басқа бағытқа жөнелтілді. Олардың арасында Анталья, Малага және Манчестерден ұшып келген ұшақтар бар. Flightradar24 ақпараты бойынша, олардың біразы Берген әуежайына қондырылған.
Аэропорттың коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Моника Фастинг VG басылымына 03:38-де берген мәлімдемесінде, әуе кеңістігінің қайта ашылғанын және сейсенбі таңынан бастап рейстер қалыпты режимде жүзеге асатынын хабарлады.
Дания полициясы оқиғаның екі елде бір мезгілде тіркелуіне байланысты норвегиялық әріптестерімен бірлесіп, олардың арасындағы байланысты анықтауға кірісті.
Айта кетейік, АҚШ-тың әскери қызметкерлері тікұшақ апатынан қаза тапты.