Атап айтқанда, қала тұрғындарын жиі мазалайтын мәселе – электр жарығының жиі өшірілуі.
Ақмола облысы энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Бақытбек Жапаевтың айтуынша, «Лесная поляна» шағын ауданында көпқабатты үйлерді тұрақты электрмен қамту үшін 666 млн теңге бөлінген. Бұған дейін бұл үйлер уақытша электр қуатымен қамтамасыз етіліп келген.
– Қосшыда шынымен жарық өшіріледі, мұндай мәселе бар. Бірінші, екінші, үшінші кезектегі электр желілері пайдалануға берілгенде оларды мемлекеттік меншікке де, АРЭК-ке де өткізбеген. Сондықтан желілер ТКШ балансында қалып қойды. Қазір АРЭК шарт мынадай қойып отыр: желілерді қалпына келтіріп, талаптарға сай етіп, содан кейін өздеріне өтеусіз сенімгерлік басқаруға алу. Қазір Қосшы қаласының әкімдігі осы жұмыстарды жүргізуде, – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, тұрғындарды алдағы жылыту маусымына дайындық та толғандыруда.
– Қалада 15 дербес қазандық бар. 9 қыркүйекте оның 14-і дайын болса, бүгінгі таңда әкімдіктің мәліметінше, барлық қазандық 100% дайын. Сондай-ақ төрт коммуналдық қазандық та жаңа маусымға толық әзір. Көмір қоры жеткілікті. Жалпы, қазіргі таңда Қосшы 100% жылыту маусымына дайын деуге болады, – деді Бақытбек Жапаев.
Бұған дейін Петропавлда 24 қыркүйектен бастап жылыту маусымы басталатыны хабарланған болатын.