Мақсат және стратегиялық міндеттер
«Қазақмыс» геологиялық барлау департаменті жоғары технологиялық әрі орнықты құрылымға айналуды алдына мақсат етіп қойды. Ол жобаларды тиімді басқаруға, инновацияларды енгізуге, экологиялық және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын сақтауға бағытталған.
Дамудың басты бағыттары:
- минералдық-шикізат базасын кеңейту,
- процестерді цифрландыру және технологиялық жаңғырту,
- адами капиталды дамыту,
- геологиялық барлау жұмыстарына экологиялық қолдау көрсету.
Осы мақсатта кешенді шешімдер енгізілуде: бұрғылау, геофизикалық және геохимиялық зерттеулер, дрондар арқылы қашықтықтан зондтау. Басым бағыттардың бірі – кен орындарын модельдеуге және деректерді жинақтауға арналған цифрлық платформа құру.
Жаңа инфрақұрылым және заманауи жарақтандыру
Геологиялық және маркшейдерлік бөлімшелер үшін Жезқазғандағы геологиялық кластер аумағында жаңа жұмыс кеңістіктері ашылады. Инфрақұрылым тек жайлы еңбек жағдайларын ғана емес, жабдықтар мен мәліметтерді сақтауды да қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс үзілістерін азайтып, деректерді өңдеу жылдамдығын арттырады және өнімділікті еселейді.

Стратегияның негізгі бөлігі – геологиялық барлауды толық цифрлық жүйеге көшіру. Ол дала зерттеулерін (аэрогеофизикадан GPS-мониторингке дейін), ақпарат жинау мен оны диспетчерлік орталық арқылы жеткізуді, талдауды және кен орындарының үшөлшемді модельдерін жасауды қамтиды.
Қысқа және ұзақмерзімді жоспарлар
Қорды толықтыру кезең-кезеңімен жүзеге асады.
— 2025–2026 жылдары: қолданыстағы кеніштер маңында және жаңа аумақтарда болжамдық-іздестіру жұмыстары.
— 2025–2028 жылдары: бұрын зерттелген кен орындарында барлау жүргізу, ресурстарды халықаралық стандарттарға сай балансқа енгізу.
— 2025–2030 жылдары: қорларды ұзақмерзімді толықтыру жобалары, қолданыстағы кен орындарында басым ізденістер және жаңа нысандарды игеру.
Жалпы саны 30-дан асатын жоба жоспарланған. Олар басымдық ретімен бөлінген: қолданыстағы кеніштерді терең барлаудан бастап перспективалы учаскелерді зерттеуге дейін.
Жезқазғандағы геологиялық кластер
Ауқымды жобалардың бірі – Жезқазғандағы геологиялық кластер. 11 млрд теңге көлеміндегі инвестицияға және 14 мың шаршы метр алаңға жоспарланған жоба аймақтың ғылыми-зерттеу орталығына айналмақ.

Кластер құрамына мыналар енеді:
- геофизикалық және минералогиялық зертханалар,
- 200 мың жүгірмелі метрге арналған керноқойма,
- оқу аудиториялары мен кітапхана,
- мұражай және конференц-зал,
- қызметкерлерге арналған спорт кешені.
Жоба аясында халықаралық ынтымақтастық орнатылады. Серіктестер қатарында Colorado School of Mines (АҚШ) және ALS зертханасы (Австралия) бар. Кернді өңдеуде жасанды интеллект және заманауи Minalyzer CS жабдығы қолданылады.
Құрылысты аяқтау 2027 жылға жоспарланған. Жаңа кластердің іске қосылуы шамамен 200 жаңа жұмыс орнын ашады.
Осылайша, «Қазақмыс» геологиялық барлауды цифрландыруға, халықаралық серіктестікке және жаңа инфрақұрылымға арқа сүйеп отыр. Бұл компанияға минералдық-шикізат базасын ұзақ мерзімге толықтыруға және әлемдік мыс нарығындағы көшбасшылығын бекемдеуге берік негіз қалайды.