Екі мемлекет қағидасын іске асыруға арналған конференцияда сөйлеген сөзінде Антониу Гутерриш палестина-израиль қақтығысының ондаған жылдар бойы жалғасып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, диалог қайта-қайта үзіліп, БҰҰ қарарлары орындалмай, халықаралық құқық бұзылып, дипломатиялық күш-жігер нәтижесіз қалған.
— Қақтығыс жалғасып келеді, шешімдер ұсынылғанымен, халықаралық құқық бұзылды, ондаған жыл бойы жасалған дипломатия нәтиже бермеді, — деп атап өтті Бас хатшы.
Гутерриш екі мемлекет формуласы — бейбітшілікке қол жеткізудің жалғыз өміршең жолы екенін тағы да растады. Ол оккупацияланған Батыс жағалаудағы жағдай мен қоныстар салудың жалғасуын ешнәрсе ақтай алмайтынын ерекше атап өтті.
— Жағдай төзгісіз, әрі сағат сайын нашарлап барады, — деп атап өткен БҰҰ басшысы тағы да атысты дереу тоқтатуға шақырды.
The Israeli-Palestinian conflict is morally, legally & politically intolerable.
The nightmare must stop.
Today, I called on world leaders to do all they can to ensure the Two-State solution prevails, for the people of Israel, Palestine & all humanity. pic.twitter.com/wrT0kSj38E
— António Guterres (@antonioguterres) September 22, 2025
Сондай-ақ, ол палестиналық делегацияның саммитке толық құрамда қатыса алмағанына өкініш білдірді. БАҚ мәліметінше, АҚШ палестиналық делегация мүшелеріне виза беруден бас тартқан. Соның салдарынан Палестина президенті Махмуд Аббас саммитке онлайн режимде қатысуға мәжбүр болды.
Гутерриштің бұл мәлімдемесі Франция мен Сауд Арабиясы ұйымдастырған Нью-Йорктегі саммитте айтылды. Саммиттің мақсаты — екі мемлекет идеясын ілгерілету және Палестинаны ресми түрде мойындау.
Осыған дейін Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Португалия Палестина мемлекетін мойындайтынын жариялаған. Саммиттің ашылуында Франция президенті де осындай шешім қабылдағанын хабарлады. Бельгия мен Люксембургті қоса алғанда тағы бірнеше ел осындай қадамға дайындалып жатыр.
«Екі мемлекет шешімі», яғни «екі халыққа — екі мемлекет» қағидасы — тәуелсіз Палестина мемлекетінің Израильмен қатар өмір сүруін және шекаралардың қауіпсіз әрі өзара мойындалуын көздейді. Бұл қағида халықаралық қауымдастық тарапынан ондаған жылдар бойы бейбіт реттеудің негізі ретінде қарастырылып келеді. Алайда оны жүзеге асыру процесі саяси және әскери кедергілерге тап болып келеді.