Pfizer дүйсенбі күні салмақты азайтуға арналған дәрілерді әзірлеуші Metsera компаниясын сатып алу туралы, құны 7,3 млрд долларға дейін жететін келісім жасағанын мәлімдеді. Бұл қадам компанияға семіздікті емдеудің табысты нарығында өз орнын нығайтуға мүмкіндік бермек.
Әлемдік семіздікке қарсы дәрілер нарығы соңғы жылдары қарқынды өсіп келеді. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылдардың басына қарай оның көлемі 150 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұған Novo Nordisk және Eli Lilly сияқты компаниялардың жоғары тиімді GLP-1 препараттарының жетістігі ықпал етті.
Фармацевтикалық компаниялар сондай-ақ семіздікті емдеудің жаңа буын тәсілдерін әзірлеуге тырысып жатыр. Олардың қатарында басқа гормондарға әсер ететін және майды кетіру барысында бұлшық етті сақтауға көмектесетін дәрілер бар, деп жазады Reuters агенттігі.
Pfizer бас директоры Альберт Бурла Metsera компаниясын сатып алу «Pfizer-ді осы негізгі терапиялық деңгейге шығарады» деп атап өтті. Сондай-ақ ол компанияның кардиометаболизм саласындағы тәжірибесі мен жаһандық инфрақұрылымын жаңа буын семіздікке қарсы дәрілерді әзірлеуді жеделдету үшін қолдануға мүмкіндік беретінін айтты.
Бұл мәміле Pfizer-дің салмақ азайтуға арналған өзінің дәрісін – дануглипронды әзірлеудегі сәтсіздіктерінен кейін жасалды.
Сәуір айында компания тәулігіне бір рет қабылданатын дануглипрон нұсқасын зерттеуді тоқтатты, себебі сынаққа қатысқан бір пациентте ықтимал дәрілік бауыр зақымдануы анықталды. Препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін жағдайы түзелді. Ал тәулігіне екі рет қабылданатын нұсқасын әзірлеу 2023 жылдың соңында әртүрлі жанама әсерлерге байланысты тоқтатылған болатын.
Айта кетелік Алматыда бюджет есебінен алынатын дәрі-дәрмек тізімі кеңейтілді.