Алайда, Бас Ассамблея төрайымы Анналена Бербок өз сөзінде бұл күннің «мереке күні емес», «тарих сабақтарын еске алып, үміт жолын қайта таңдауға батылдық табатын сәт» екенін атап өтті.
Дұрыс жолды таңдау
Бербок БҰҰ құрылған кездегі ауыр жағдайларды еске салды:
— Елдер күйреп жатыр. 70 миллионнан астам адам қаза тапты. Бір дәуірде екі дүниежүзілік соғыс өтті. Холокосттың сұмдығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 72 аумақ әлі де отарлық езгіде отыр. 80 жыл бұрын біздің әлем осындай еді, — деді ол.
Оның айтуынша, 1945 жылдың 26 маусымында БҰҰ Жарғысының қабылдануы тек формалды қадам емес, адамзаттың өз тарихының ең қараңғы беттерінен сабақ алғанының дәлелі болды.
— Бұл әрекет бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, жек көрушілік пен тоқтаусыз амбицияның күштері бізді тозаққа сүйреп апармауы үшін жасалды, — деді Бербок.
Сонымен қатар, ол бүгінгі күннің жаңа қайғылары мен қиындықтарын атап өтті:
— Біз Газа секторында қираған үйлердің арасында тамақ іздеп жүрген жетім балаларды көреміз. Украинадағы соғыс жалғасып жатыр. Суданда сексуалдық зорлық-зомбылық өршіп тұр. Гаитиде бандалар халықты қорқытып отыр. Интернетте өшпенділік ушығып тұр. Су тасқындары мен құрғақшылық бүкіл әлемді шарпып кетті. Бүгін — мереке емес. Бүгін — тарихтың сабақтарын еске алып, жеңіліске мойынсұнбай, үміт жолын қайта таңдауға батылдық табатын сәт, — деп қорытындылады ол.
Уәдені шындыққа айналдыру
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те сөз сөйлеп, алғашқы БҰҰ қызметкерлерін еске салды. Олардың көпшілігі соғыстан дене жарақаттарын алған, бірақ соғыстың шынайы қорқынышын көрген адамдар еді.

— Олар адамзаттың ең қорқынышты қабілетін — өлім лагерьлерінің сұмдығын, шайқастардың қатыгездігін, жермен-жексен болған қалаларды көрді. Сондықтан олар бейбітшілікке қызмет етуге шешім қабылдады, — деді ол.
Ол сонымен қатар, бейбітшілікке ұмтылуды наивтілік деп есептеу — қате екенін атап өтті:
«Бейбітшілік — ең батыл, ең шынайы және ең қажет мақсат»
— Олар адамзаттың ең қорқынышты істерге бара алатынын өз көздерімен көрді — өлім лагерьлерінің сұмдығын, қантөгіс шайқастардың қатыгездігін, жер бетінен жойылып кеткен қалаларды. Дәл сондықтан да олар бейбітшілік жолына қызмет етуді таңдады», – деп жалғастырды ол. Бейбітшілікке ұмтылуды аңғалдық деп санайтын қате түсінікке қарамастан, «олар білді: бейбітшілік — барша ұмтылыстардың ішіндегі ең батылы, ең шынайысы, ең қажеті. Бізге жалғыз жол — бірлесіп әрекет ету. Осы сәтке лайық болайық — анықтығымызбен, батылдығымызбен және сенімімізбен. Бейбітшілік уәдесін шындыққа айналдырайық, деді — Гутерриш.
«Ақпараттық армагеддон»
2021 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Мария Ресса өз сөзін цифрлық дәуірдегі адам құқықтары мен ақпарат саласындағы қауіптерге арнады. Ол 80 жыл бұрын БҰҰ Жарғысының фашизмнің ақпаратты бұрмалап, шындықты жойып, тұтас халықтарды адамгершіліктен айырып, геноцид пен дүниежүзілік соғысты ақтау үшін қолданғанынан кейін дүниеге келгенін еске салды.
«Бүгін біз ақпараттық армагеддонның ішінде тұрмыз», — деді Ресса. «Жалған ақпарат шындықтан алты есе тез тарайды. Ал алгоритмдер ашу мен қорқынышты, жек көрушілік пен дүрбелеңді қоздыру үшін жасалған».
Генеративті жасанды интеллекттің дамуымен жағдай одан сайын күрделене түсті, деп ескертті ол.
Ресса үш негізгі шешімді ұсынды:
1. Цифрлық алыптардың жазасыздығын тоқтатып, ақпараттық кеңістікті қорғау үшін халықаралық стандарттар енгізу;
2. Тәуелсіз журналистикаға негізделген сенімді инфрақұрылым құру;
3. Демократиялық институттарды нығайту мен бейбітшілікті орнатуда маңызды рөл атқаратын әйелдерді қолдауды қоса алғанда, кешенді бастамаларға инвестиция салу.
«Ақпараттық адалдық — барлық күрестің анасы. Егер біз бұл шайқаста жеңсек — қалғанын да жеңеміз. Жеңілсек — бәрінен айырыламыз», — деді Ресса.
БҰҰ-ның рөліне қатысты өз ойларымен Нобель сыйлығының лауреаты, Либерияның бұрынғы президенті Элен Джонсон-Сирлиф пен Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Гру Харлем Брундтланд те бөлісті.
Кездесу Мариям Букар Хассанның бейбітшілік туралы поэтикалық декламациясымен аяқталды.
Бұған дейін хабарланғандай, Тоқаев БҰҰ-ның Нью-Йорктегі дебатында ТМД елдері басшылары арасында бірінші болып сөз сөйлейді.