МКК деректеріне сәйкес, криптовалюта нарығына қатысушылардан түскен салықтық түсімдер көлемі:
-
2023 жылы — 7,4 млрд теңге;
-
2024 жылы — 9,8 млрд теңге;
-
2025 жылдың басынан 22 қыркүйекке дейін — 13,1 млрд теңге болды.
Бұған дейін МКК-ның Цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов баспасөз мәслихатында елімізде криптовалютаға салық бар екенін және ол бірнеше жылдан бері әкімшіленіп келе жатқанын айтқан болатын.
— Бұл — цифрлық актив. Біз оны есептеп отырмыз. 2022 жылдан бастап ол нақты заңнамамен реттеліп келеді. Бұған дейін, егер салық төлеуші криптовалюта операцияларынан табыс алса, бұл табыс салық кодексінде «басқа табыс» ретінде есептелетін, және оны салық төлеуші өзі декларациялауы тиіс болатын. Бұрын бұл — 240-нысан бойынша есеп берілетін, — деп түсіндірді Талғат Әділов.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық банк базасында Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын (крипторезерв) құруды тапсырған болатын.
Ұлттық банк бұл бағытта уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп крипторезерв тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын хабарлады. Тұжырымдамада қорды қалыптастыру көздері, жинақтау және пайдалану механизмдері, сондай-ақ тәуекелдерді басқару тәсілдері мен активтердің тәуекелдік профилін айқындау мәселелері қарастырылып жатыр.