Өткен жылы Вьетнам Америкаға тауар экспортынан әлемде алтыншы орынға шығып, 136,5 млрд доллардың өнімін жеткізген. Бұл тауарлардың басым бөлігі америкалық және шетелдік трансұлттық компаниялардың немесе олардың жеткізушілерінің зауыттарында өндіріледі.
— Ең нашар жағдайда, егер АҚШ-тағы инфляция жоғары тарифтерге байланысты тым қатты өссе, вьетнамдық тауарларға салынған 20 пайыздық баж салығы уақыт өте келе экспорттың 25 миллиард доллардан астам төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл жылдық көлемнің шамамен бестен бір бөлігіне тең, — деді Reuters агенттігіне БҰҰДБ-ның Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша бас экономисі Филип Шеллекенс.
7 тамызда баж салығы күшіне енгеннен кейін жарияланған алғашқы мәліметтерге сәйкес, Вьетнам экспортының негізгі бағыты болып табылатын АҚШ нарығына жеткізу тамыз айында шілдемен салыстырғанда 2%-ға азайған. Ал Вьетнам әлемде екінші орында тұрған аяқ киім экспорты 5,5%-ға төмендеді. Бұған дейін баж салығы енгізілер алдында экспорт көлемі күрт өскен.
Nike, Adidas, Puma компаниялары, өздерінің әлемдік аяқ киім өнімдерінің көп бөлігін Вьетнамдағы жеткізушілер арқылы өндіріп отырғанымен, түсініктеме беруден бас тартты.
— Оңтүстік-Шығыс Азияда АҚШ-тың баж салығын көтеруінен Вьетнамнан артық ешбір ел зардап шекпейді, — деді Шеллекенс.
Оның айтуынша, Шығыс Азияда долларлық есеппен тек Қытай ғана көбірек зардап шегуі мүмкін. Бірақ Вашингтон жеңілдіктерді сақтаған күннің өзінде Вьетнам экспорты АҚШ-та 18 миллиард долларға дейін төмендеуі ықтимал.
БҰҰДБ есебінде көрсетілгендей, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ірі елдер арасында АҚШ-қа Таиланд экспорты 12,7%-ға, Малайзия — 10,4%-ға, Индонезия — 6,4%-ға қысқаруы мүмкін.
Айта кетелік Қазақстан бидайы Қытай арқылы Вьетнамға жеткізілген еді.