Бұл көрсеткіш еліміздегі табиғи және экотуризмге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады.
Келушілер саны бойынша көшбасшы – «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Ақмола облысындағы қарағайлы ормандарымен, әсем жартастары мен көлдерімен ерекшеленетін бұл аймаққа 600 мыңнан астам турист келген. «Қазақстандық Швейцария» атанған Бурабай – отбасылық демалыс пен белсенді туризмде сұранысқа ие бағыт.

Екінші орында – Іле-Алатау ұлттық паркі. Алматыға жақын орналасқан бұл аумақты 507 541 турист аралаған. Таулы ландшафттарымен, бай флорасы мен фаунасымен танымал парк экологиялық туризм бойынша ең сұранысқа ие орындардың бірі саналады.

Үздік үштікті «Көлсай көлдері» ұлттық паркі түйіндейді. Алматы облысындағы бұл табиғи нысанға 350 мыңнан астам адам барған. Көлсай мен Қайыңды көлдері – парктің басты табиғи нышандары.

Сондай-ақ, туристер арасында Шарын шатқалы орналасқан ұлттық парк пен Баянауыл ұлттық паркі де кең танымал. Шарын фототуризм мен этноэкспедицияларға қызығушылар үшін тартымды болса, Павлодар облысындағы Баянауыл Қазақстандағы алғашқы ұлттық парк ретінде жұмсақ климаты, таулы табиғаты және әсем көлдерімен ерекшеленеді.

Айта кетейік, Жетісу облысында туризмді дамыту басқармасы құрылады.