Қазақстандық теннисші ширек финалда ATP рейтингісінде 168-орында тұрған жапониялық Таро Дэниелмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте табандылық танытты — 7:6 (7:2). Екіншісінде Дэниел есе қайырды — 6:3. Үшінші, шешуші сетте Шевченко жеңісті жұлып алды — 6:2.
Екі сағат 5 минутқа созылған тартысты бәсекеде А.Шевченко 7 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Жапониялық спортшы 9 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Шевченко финалға шығу үшін әлемнің 9-ыншы, осы жарыстың 1-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музеттимен шеберлік таластырады. Ол ширек финалда рейтингіде 114-сатыдағы грузиялық Николоз Басилашвилиді қапы қалдырды – 6:3, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Қытайдағы турнирдің ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик Қытайдағы жарыста қарсыласын камбэкпен тізе бүктірді.