Ұйымдастыру комитетінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Айчи-Нагоядағы Азия және Азия пара ойындарын ұйымдастыру комитеті, қабылдаушы қаламен бірлесіп, Азия ойындары мен Азия пара ойындарына бір жыл қалуына байланысты салтанатты шара өткізеді.
Айта кетерлігі, іс-шара Жапонияда 20 қыркүйекте басталып, 26 қазанға дейін жалғасады. Ал басты шараны 23 қыркүйек күні Нагоя телемұнарасында (Chubu Electric MIRAI TOWER) өткізу жоспарланған. Онда кері санау шарасы мен мәдени қойылымдар өткізіліп, жазғы Азия ойындары кеңінен нәсихатталады.
Еске сала кетсек, 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындары және V Азия пара ойындары өтеді. Жарысты ұйымдастырушылар — Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) және Азиада ұйымдастыру комитеті AINAGOC. Ойындардың ұраны — Imagine One Asia («Біртұтас Азияны елестет»).
2016 жылдың 4 қаңтарында Айчи префектурасының губернаторы Хидэаки Омура баспасөз мәслихатында ХХ Азия ойындарын өткізуге өтінім беру идеясын ұсынды және Нагоя қаласымен бірлесіп өткізу мүмкіндігін талқылады. 11 мамырда Айчи префектурасы мен Нагоя қаласы бірлескен өтінімдерін жариялады.
2016 жылдың 5 қыркүйегінде Нагоя қаласы қаржыландыру мәселелеріне байланысты Азия ойындарын қабылдау ұсынысынан бас тартты. Келіссөздерден кейін Айчи префектурасы мен Нагоя қаласы 2:1 қаржыландыру бөлінісіне келісімге келіп, бірлескен өтінімді растады.
2016 жылы 25 қыркүйекте Вьетнамның Дананг қаласында өткен Азия Олимпиадалық Кеңесінің 35-ші Бас Ассамблеясы Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласын 2026 жылғы Азия ойындарын өткізуге жалғыз үміткер қала ретінде бекітті.
Нагоя Азия ойындары өткізілетін, үшінші Жапон қаласы. Айта кетейік, 1958-ші жылы Азия ойындары Токиода өтсе, 1994 жылы Хиросимада ұйымдастырылды.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, аралас жекпе-жек (ММА) спорты 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының бағдарламасына кірді.