Қала күні қарсаңында Алматыда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа «Жанұя» мамандандырылған кешені салтанатты түрде ашылды. Нысан қала әкімдігі мен инвестор серіктестігі аясында салынды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі — 6 млрд теңге. Жаңа кешен Медеу ауданында орналасқан.

— Бүгінде қаланың инфрақұрылымы, әсіресе білім беру саласы қарқынды дамып отыр. Осы оқу жылында 12 жаңа мектеп пен инновациялық шығармашылық орталықтары ашылды. Ал «Жанұя» айрықша кешен. Мұнда ерекше күтімді және арнайы білім беруді қажет ететін балалар үшін барлық мүмкіндік бар. Оқу, даму және әлеуметтену үшін жағдай жасалған, — деді қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.

Мамандандырылған «Жанұя» кешенінің директоры Марина Дәулетбекова мекеме жұмысы туралы баяндады.
Сондай-ақ Алматы қаласының мерейтойы қарсаңында Медеу ауданында орналасқан № 2 Мамандандырылған балалар үйі күрделі жөндеуден кейін өз есігін қайта ашты. Ғимарат толықтай жаңартылып, заманауи талаптарға сәйкес келтірілді. Балалардың жайлы өмір сүруіне, қауіпсіз ортада өсуіне және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында мекеме жаңа жиһаздармен жабдықталды.
Одан бөлек № 5 қалалық клиникалық аурухана базасында жаңа медициналық орталықтар ашылып, заманауи диагностикалық емдеу әдістері енгізілді. Бұл мыңдаған алматылыққа медициналық көмекті жылдам әрі сапалы алуға мүмкіндік береді.

Ауруханада Профилактикалық скрининг орталығы жұмысын бастады. Енді тұрғындар бір сағат ішінде «бір терезе» қағидасы бойынша кешенді тексеруден өтіп, мамандардың кеңесін ала алады. Мұндай тәсіл ауруларды ерте анықтау мен денсаулықты сақтауға айтарлықтай мүмкіндік береді.

Сонымен қатар гепатология және эндоскопия орталығы құрылды. Орталықта бауыр мен асқазан-ішек жолы ауруларын ерте кезеңде анықтап, тиімді ем тағайындауға көмектесетін заманауи фибросканерлеу аппараты орнатылды.
Еске салайық, бұған дейін алматылықтар қала күнін қалай атап өтетінін жазғанбыз.