Ультраоңшылдардың демонстрациясы Гаагадағы Маливельд алаңында мигранттарға баспана беру саясатына қарсы басталды. Бірақ кейін ол зор жанжалдарға және полициямен қақтығысқа ұласып кетті. Нидерланды полициясы көз ашытатын газ бен су бүріккіш құралдарды пайдаланды.
Сол уақытта наразылар Гаага қаласының орталығында бірнеше рет дүкендерді тонап, тәртіпсіздік жасады. Полиция тәртіпсіздіктерге байланысты бірнеше адамды ұстағанын хабарлады, бірақ нақты саны әзірге белгісіз.
— Қазір біз ақпарат жинап жатырмыз және бүгін кешке ресми мәлімдеме жасаймыз, — деді полиция өкілі.
Көптеген ұлтшылдар қара киім киіп, бетперде тағып алған. Олар Маливельд ауданында полицейлерге және полиция көліктеріне шабуыл жасап, таяқтар, тастар, қақпақтар мен бөтелкелер лақтырды. Сондай-ақ олар тәртіп сақшыларының жылқыларына шабуылдап, полиция көлігін өртеген.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, демонстрацияны Зутермер қаласынан келген Элс атты белсенді ұйымдастырған. Өзін «Элс Рехтс» деп атайтын ол Gofundme платформасында қаржы жинау кампаниясын жүргізіп, митингіні өткізу үшін 20 000 еуроға жуық қаржы жинаған. Оның ереуілге шақыруы әлеуметтік желілерде кең таралып, көп адам қатысқан.
Кейбір қатысушы Маливельдке Голландия туымен және «Нидерландыны, ең алдымен халқымызды қорғаңыздар», «Нидерланды баспана беру орталықтарына қарсы» деген жазулары бар плакаттармен келген. Кейбірі «Антифаға — жол жоқ» деген жазуы бар жейде киген.
Премьер-министр Дик Схооф X әлеуметтік желісінде «қорқынышты әрі оғаш зорлық-зомбылық көріністерін мүлде қабылдауға болмайды» деп мәлімдеді.
— Тәртіпсіздіктерге қатысқандардың полицейлерге шабуыл жасауы, полиция көліктері мен D66 партиясының кеңсесін бұзу — мүлде қабылдауға келмейтін іс. Біз полиция, арнайы бөлімдер мен қала басшысы Ван Заненнің әрекеттерін зор құрметпен бағалаймыз. Полиция мен прокуратура кінәлілерді анықтап, жауапқа тартатынына сенімдіміз. Демонстрацияға әрдайым орын бар, бірақ зорлық-зомбылыққа жол жоқ, — деді премьер-министр.
Әділет министрі Фоорт ван Остен де әлеуметтік желіде жазба қалдырып, полицияға бағытталған бұндай зорлық-зомбылық мүлде қабылданбайтынын жеткізді.
— Демонстрация — Нидерландыдағы тамаша құбылыс, бірақ оған қатысушылар біздің қызметкерлерімізге қол тигізбесін! Олар біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеді. Сондықтан қала басшысы мен полицияның нұсқауларын орындаңыздар, — деп жазды ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Нидерландтың Сыртқы істер министрі, центристік «Жаңа қоғамдық келісім» (NSC) партиясының өкілі Каспар Велдкамп Израильге қарсы санкциялар жөніндегі даудан кейін отставкаға кетті.