Газа секторында бітім және тұтқындармен алмасу туралы келіссөздерге делдал болған Қатарға Израиль армиясы әуеден соққы жасап, 6 адам қаза тапқан еді. Осы оқиғаға байланысты Доха үкіметі халықаралық деңгейде тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Қатардың ресми ақпарат агенттігі QNA хабарлағандай, Доха үкіметі ICAO Кеңесінің төрағасына ресми хат жолдаған.
Ұйымдағы Қатардың тұрақты өкілі Иса Абдулла әл-Малики жолдаған хатта 9 қыркүйектегі Израильдің шабуылы Қатардың егемендігі мен азаматтық авиация жөніндегі халықаралық Чикаго конвенциясының өрескел бұзылуы екені айтылған. Сонымен қатар, Қатар халықаралық құқық аясында барлық құқықтарын сақтап қалатынын мәлімдеген.
Израильдің Қатарға жасаған шабуылы салдарынан 6 адам қаза тапты
9 қыркүйекте Израиль армиясы Доха қаласындағы ХАМАС-тың келіссөз жүргізуші делегациясы орналасқан ғимаратқа әуе шабуылын жасаған.
Әуе соққысынан кейін ХАМАС жетекшілері аман қалғанымен, 6 адам қаза тапты. Олардың ішінде ХАМАС Саяси бюросының мүшесі Халиль әл-Хайенің ұлы, ХАМАС ұйымының 4 мүшесі және бір катарлық полиция қызметкері бар.
10 қыркүйекте Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдеме жасап, Қатарға жаңа шабуылдар болатынын ескертті.
— Немесе оларды елден шығарасыңдар, не әділдікке тартасыңдар. Егер бұны өздерің істемесеңдер, біз істейміз, — деді ол.
Бұған дейін Қатар Израильдің Доха қаласына жасаған соққысына қарсы әрекет шараларын талқылау үшін шұғыл араб-ислам саммитін өткізетіні хабарланды.