Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр еті бағасына қатысты бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында туындаған түсінбеушілікке байланысты түсініктеме берді.
Ведомство атап өткендей, еттің килограмына 3 400–3 500 теңге — бұл сиыр етінің өндірушілердегі орташа көтерме бағасы.
— Елордадағы сауда нүктелерінде ет жеткізу, сақтау және басқа да объективті шығындар ескеріле отырып сатылады. Соның нәтижесінде Астанада бөлшек саудадағы баға килограмына 3 700–4 300 теңгеге дейін жетеді. Ал қабырға-жауырын бөлігі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енгізілгендіктен және бұл санатқа сауда үстемесі 15%-дан аспайтындықтан, килограмына 3 100–3 400 теңге бағамен сатылады, — деп түсіндірді министрлік.
АШМ мәліметінше, өңірлерде еттің бөлшек саудадағы орташа бағасы килограмына 3 500–4 300 теңге құрайды. Ал жоғары деңгейлі бөліктердің (сиыр филесі, қалың және жіңішке жиегі, белдің бір бөлігі) және басқа да бөліктердің (жамбас еті, іш майы және т. б.) бағасы мемлекет тарапынан реттелмейді, нарықтық жолмен қалыптасады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстандағы сиыр етінің бағасы әлем бойынша ең арзаны деп айтқан еді.