Бейбітшілік пен келісім саябағы — конфессияаралық және мәдениетаралық диалогты нығайтуға арналған бірегей кеңістік. Мұнда «Жұлдызды аспан» туннелі, «Өмір ағашы» ескерткіші мен сатылы сарқырама орналасқан.
— «Таза Қазақстан. Астана — тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық айлығы аясында бұл жерде ерекше іс-шара болды: әйгілі Backstreet Boys тобы елордалықтармен бірге ағаш отырғызуға қатысты. Музыканттар экологиялық бастаманы жылы қабылдап, жасыл қала құру ісіне өз үлестерін қосуға қуана келісім берді. Мұндай акциялар табиғатты қорғау — бүкіл әлем халқын біріктіретін ортақ құндылық екенін еске салады, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, елордада 13 қыркүйек пен 11 қазан аралығында дәстүрлі «Таза Қазақстан. Астана — тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық айлығы өтіп жатыр.
Сонымен қатар музыканттар елорданың көрнекті жерлерімен танысып, қазақтың ұлттық аспабы — домбырада ойнап көруге тырысты. Бұл сәттің видеосын продюсер Мәлік Хасенов әлеуметтік желіде жариялады.
Бұдан бұрын бүгін Қазақстан Президенті Телерадиокешенінің ұжымы қала аумағын көріктендіріп, қоқыстан тазалау үшін жалпықалалық сенбілікке белсенді атсалысқанын жазған едік.