Негізгі шешімдердің бірі — қаладағы 156 атаусыз көшеге атау беру болды. Оның ішінде 22 көше Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін иеленеді, 15 көше «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілген көрнекті қайраткерлердің атын алады. Олардың қатарында академик Әбдуәли Қайдар, археолог Карл Байпақов, тарихшы Сайым Балмұқанов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Анатолий Храпатый, олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, ақын-жазушы Мұзафар Әлімбаев, абайтанушы Қайым Мұхамедханов, қазақ мультипликациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаров және КСРО халық артисі Наталья Сац бар.
Ал қалған 118 көше танымдық, тарихи-мәдени және дәстүрлі атауларға ие болады. Бұл ұсыныстар алдын ала мәслихат комиссияларында қаралып, Қоғамдық кеңеспен келісілген және Республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысын алды.
Еске салайық, бұған дейін Алатау ауданы бойынша 10 көшеге, Әуезов ауданы бойынша 4 көшеге, Бостандық ауданы бойынша 45 көшеге, Жетісу ауданы бойынша 4 көшеге, Медеу ауданы бойынша 7 көшеге, Наурызбай ауданы бойынша 86 көшеге жаңа атау беру қарастырылғанын жазғанбыз.