Айтуынша рейс авиакомпанияның кесірінен кешіккен жағдайда алдымен жолаушыларға хабарландыру жіберуі керек. Ол хатта міндетті түрде қанша уақытқа кешігетіні, қандай себеппен кешіккені туралы ақпарат болуы керек. Сонымен қатар екі сағаттан кейін салқын су, ал, 4 сағаттан кейін ыстық тамақ беруге міндетті.
– Егер күндізгі уақытта сегіз сағат немесе түнгі уақытта алты сағат күтетін жағдайда қонақүйде тұру қызметтерін ұсынуы қажет. Сондай-ақ бұл талаптар орындалмаған жағдайда әуе компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылады, — дейді Әділет Көбенов.

Ұшақ кешігуінің бірнеше себебі бар, — дейді Халықаралық әуе қатынасын реттеу басқармасының басшысы. Көп жағдайда ауа райының күрт өзгеруіне байланысты болады. Бұл ретте жолаушылардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек.
– Кез келген авиациялық ұйым жолаушыларға қандай да бір қауіп бар болса, ол олқылықтар реттелгенге дейін қажетті шараларды қабылдауы керек. Ауа райынан басқа техникалық жағдайлар туындауы мүмкін. Ал, мұндай сәтте авиакомпания өзінің стандарттарына сәйкес, әрекет етеді. Одан кейін барып жолға шығады, — деді ол өз сөзінде.
Алайда, кешіккен әр сағат үшін авиакомпания билет құнының 3 пайызын қайтаруға міндетті. Ал, өтемақыны өндіру үшін, оны талап етуі керек.

Саладағы тағы бір салғырттық – жолаушылар чемоданының зақымдануы. Ондай жағдайда не істеу керек? Кімге жүгінген жөн? Бұл сұраққа студия қонағы былайша жауап берді.
– Халықаралық стандарттарда бұндай жағдай қарастырылған. Әрине, ең алдымен жолаушы чемоданын өткізгеннен кейін, жауапкершілік авиакомпанияның мойыныда болады. Егер жолаушы чемоданның зақымданғанын байқаған болса, әуежай қызметкерін шақырып, тиісті АКТ жасау керек. Алдын ала белгіленген нормаларға байланысты кінәлі тарап, шығын көлемін есептеп, төлеуі шарт. Бұл ретте, кейін жасаймын деп, уақыт өткізіп алмаған жөн, — дейді студия мейманы.
Бірақ айдың-күннің аманында аспаннан қара бұлт төндіре беруге болмайды. Жолаушылар шағымданбастан бұрын, орындалуы тиіс талаптарды сақтаған дұрыс. Мысалы:
1) Әуежайға 40 минут бұрын келу;
2) Билетінде көрсетілген жүк салмағының талаптан асып кетпеуін қадағалау;
3) Ұшу уақытында экипаждың қойған талаптарын орындау;
4) Әр жолаушы өз құқықтарын білуге міндетті.
Айтпақшы, егер жолаушы қандайда бір заңбұзушылыққа жол беріп, қоғамдық тыныштықты сақтамаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.