Саясаттанушының айтуынша, Қырғызстанда Жогорку Кенеш сайлауы 2026 жылғы қарашаға жоспарланған, алайда бұл кезең президенттік сайлауға дайындық уақытымен қабаттасады.
«Саяси тұрақтылықты сақтау үшін екі сайлау науқанын бөліп өткізу ұсынылды. 32 депутат кезектен тыс сайлауды жақтап отыр. Оның негізі — парламенттің өзін-өзі таратуы. Бұл тетік қазір пысықталып жатыр. Шамасы, шешім 25 қыркүйекте қабылдануы мүмкін. Осыдан кейін бес күн ішінде президент кезектен тыс сайлауды тағайындауы тиіс. Егер мемлекет басшысы тағайындамаса, онда Орталық сайлау комиссиясы дербес түрде сайлау ұйымдастыруға кіріседі», — деді Жұмағұлов.
Оның сөзінше, қырғыз қоғамы жаңа депутаттарды күтуде.
«Бұл міндетті түрде болады, себебі кезектен тыс парламенттік сайлау жаңа сайлау жүйесі бойынша өтеді. Бұл жүйеде саяси партиялардың рөлі азаяды. Негізгі назар 30 көпмандатты аумақтық округке аударылады, әрқайсысынан үш депутат сайланады, олардың бірі міндетті түрде әйел болуы тиіс.
Кандидаттардың басым бөлігі — өзін-өзі ұсынғандар. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарды реформалау мәселесі талқылануда: орталық биліктің облыстық өкілі институты таратылып, округтердегі әкімдердің рөлі күшейтіледі», — деп түйіндеді сарапшы.
Еске сала кетейік, маусым айында Қырғызстанда Жогорку Кенеш депутаттарын сайлау тәртібін өзгерткен конституциялық заң қабылданған болатын.
Бұған дейін Kazinform парламенттің өзін-өзі таратуының себептері мен салдары туралы жазған еді.

