— Біз бейбітшілікке, әлеуметтік тұрақтылыққа және жаһандық ынтымақтастыққа қол жеткізуге бағытталған күш-жігердің маңызды құралы болып табылатын дінаралық және мәдениетаралық диалогты тереңдетуге деген адалдығымызды білдіреміз. Қақтығыстар мен геосаяси қарама-қайшылықтардың күшеюі жағдайында, диалог адамзаттың өмір сүруінің негізі болып табылатын бейбітшілік пен дамуға жол ашады. Біз ұлттық үкіметтерді, халықаралық ұйымдарды, діни лидерлерді, саясаткерлерді, сарапшыларды, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерін және барлық ізгі ниетті адамдарды адамзат бірлігінің негізі ретінде мәдениетаралық және дінаралық диалогты белсенді түрде ілгерілетуге, төзімділікті, адам құқықтарын құрметтеуді, инклюзивтілікті және бейбіт қатар өмір сүруді дәріптеуге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайту үшін өшпенділік пен зорлық-зомбылықтан бас тартуға шақырамыз, — делінген құжатта.
Сондай-ақ съезд қатысушылары жаңа технологияларды, соның ішінде цифрлық технологияларды, жасанды интеллект пен биоинженерияны жауапты түрде пайдалануға шақырады. Жасанды интеллектті кемсіту, өшпенділік немесе адам қадір-қасиетіне нұқсан келтіру мақсатында қолдануға жол берілмеуі керектігін атап өтеді. Адам құқықтары мен этика қағидаттарына сүйене отырып жасалған жасанды интеллектті пайдалану жөніндегі халықаралық нормаларды әзірлеудің қажеттілігін атап көрсетеді. Жасанды интеллектті дамытудағы прогресске қарамастан, шынайы жанашырлық пен сүйіспеншілік таныту тек адамға ғана тән қабілет екендігін және осы қасиеттерге баулу адамзаттың гуманистік әрі рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуының арқауына айналуға тиіс екенін мәлімдейді.
— Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіспеушіліктер мен қақтығыстарды еңсеруге, халықтар арасындағы сенімді нығайтуға және бейбітшілік пен әділдік мұраттарын орнықтыруға ұмтылатындардың күш-жігерін біріктіру мақсатында бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс құру жөніндегі үндеуін қолдаймыз. Біз басқа жаһандық және өңірлік алаңдармен серіктесте отырып, бейбітшілік пен келісім мәдениетін ілгерілетудің тиімді жолдарын іздеу үшін бейбітшілік жолындағы жаһандық қозғалыстың мақсаттарын ілгерілету жөніндегі халықаралық диалогты жандандыруға және халықаралық іс-шаралар легін – дөңгелек үстелдер, конференциялар мен сайд-ивенттер ұйымдастыруға ниеттіміз, — делінген декларацияда.
Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің декларациясы қабылданған еді.