Комитет басшысы ұлттық құраманың алдағы жоспарларын да атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі жеңістер Қазақстан боксының дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді.
Еліміздің құрама командасы тәжірибелі, техникалық тұрғыда сапалы бокс көрсете білді. Бірақ біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмаймыз. Алдағы басты міндет – 2026 жылғы Азия ойындары мен 2028 жылғы Олимпиада ойындары. Қазіргі уақытта жоспарлы дайындықты бастап кеттік, қателіктерді сараптап, алға жылжимыз, – деді Есеналин.
Сонымен қатар Руслан Есеналин бапкерлік штабтың, соның ішінде шақырылған шетелдік мамандардың еңбегін ерекше атап өтті.
– Камачо бастаған сарапшылардың жетекшілігімен жүргізілген функционалдық дайындық боксшыларымыздың үшінші раундта да қарқынын жоғалтпай, физикалық тұрғыдан дайын болуына ықпал етті. Демек, атқарылған жұмыс дұрыс бағытта жүргізіліп жатыр, – деді комитет төрағасы.
Kazinform тілшісінің «күткен нәтижеден төмен көрсеткен спортшылардың орнына жаңа құрам енгізілуі мүмкін бе?» деген сауалына Руслан Есеналин былай деп жауап берді:
– Бізде жас боксшылардың да үлкен қоры бар, олар іріктеуге дайын. Бірақ кейбір спортшылардың неге әлем чемпионатына бабында келе алмағанын түсінуіміз қажет. Талдау жүргіземіз, содан кейін нақты шешім қабылданады, – деді ол.
Сондай-ақ комитет басшысы Қазақстанда бокс пен күрестің бәсекелестігіне де тоқталды.
– Бокс сөзсіз №1 спорт. Бұл – біздің дәстүріміз, біз оны қайта жандандыруымыз қажет. Дегенмен, балуандарымыздың да мүмкіндігі зор, әсіресе олимпиадалық емес салмақ дәрежелерінде, – деді Руслан Есеналин.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы бокстан Әлем чемпионатында топ жарған боксшыларды құттықтады.

