Төрт жылға созылған реставрациядан кейін Ыстанбұлдағы Ежелгі Шығыс музейі қайтадан келушілерді қабылдай бастады. Жаңартылған музейде Месопотамия, Анадолы, Ежелгі Мысыр және Араб түбегінің мыңдаған жылдық тарихынан сыр шертетін бірегей жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылып отыр. Бұл туралы SteppeNews.kz MK-Turkey.ru басылымының мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Ыстанбұл археологиялық музейлері кешенінің құрамына кіретін бұл музей 2022 жылдан бері жөндеу жұмыстарына байланысты жабық болған. Мұнда жазудың, құқықтың, дипломатияның, әдебиеттің, қала мәдениеті мен мемлекеттік басқарудың қалыптасу кезеңіне қатысты аса құнды тарихи мұралар сақталған. Келушілер хеттердің тас бедерлерін, Месопотамияның сына жазулы тақташаларын, ежелгі Мысыр ескерткіштерін және исламға дейінгі Арабия өркениеттеріне қатысты жазбаларды тамашалай алады.
Жаңартылған экспозицияның басты ерекшелігі – ұзақ жылдар бойы қор қоймаларында сақталған жүздеген жәдігердің алғаш рет көпшілікке ұсынылуы.
Осман дәуірінен жеткен тарихи ғимарат
Музей орналасқан ғимарат 1883 жылы археолог әрі Түркиядағы музей ісінің негізін қалаушы Осман Хамди-бейдің бастамасымен Көркем өнер мектебі (Sanayi-i Nefise Mektebi) ретінде салынған. Кейін бұл оқу орны қазіргі Мимар Синан атындағы көркем өнер университетінің негізіне айналды.
Ғимараттың жобасын француз сәулетшісі Александр Валлори әзірлеген. Ал 1917 жылы мұнда Ежелгі Шығыс өркениеттерінің археологиялық мұралары қойылған музей ашылды.
Осман империясы кезеңіндегі археологиялық қазбалар кезінде табылып, Ыстанбұлға жеткізілген тарихи жәдігерлер уақыт өте келе әлемдегі Ежелгі Шығыс өркениеттеріне арналған ең ірі коллекциялардың біріне айналды.
Әлемдегі ең көне бейбітшілік келісімі
Музейдегі ең құнды жәдігерлердің бірі – б.з.д. шамамен 1259 жылы хеттер патшасы Хаттусили III мен Мысыр перғауыны Рамсес II арасында жасалған Кадеш бейбітшілік келісімінің түпнұсқа саз тақташасы.
Аккадтың сына жазуымен жазылған бұл құжат бүгінге дейін сақталған ең көне халықаралық бейбітшілік келісімі ретінде белгілі.
Кадеш келісімі мемлекеттер арасындағы бейбітшілікті жазбаша түрде бекітудің алғашқы үлгілерінің бірі саналады. Оның қола көшірмесі бүгінде БҰҰ штаб-пәтерінде қойылса, түпнұсқа тақташа Ыстанбұлдағы музейде сақтаулы.
75 мыңнан астам сына жазулы құжат
Музей қорында шамамен 75 мың сына жазулы құжат сақталған. Бұл – әлемдегі ең ірі сына жазу мұрағаттарының бірі.
Олардың қатарында:
- патша жарлықтары;
- салық құжаттары;
- сауда келісімдері;
- сот шешімдері;
- ғибадатханалардың есеп жазбалары;
- неке келісімдері;
- әдеби шығармалар;
- күнделікті тұрмысқа қатысты деректер бар.
Бұл құжаттар ежелгі Месопотамияның саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірін зерттеуде маңызды дереккөз болып саналады.
Нарам-Син стеласы мен ең көне махаббат жыры
Музейдің тағы бір ерекше жәдігері – б.з.д. XXIII ғасырға жататын Нарам-Син стеласы. Онда Аккад патшасының тау шыңына көтеріліп бара жатқан сәті бейнеленген. Мамандар бұл ескерткішті ежелгі Таяу Шығыстағы саяси идеологияның ең көне үлгілерінің бірі деп бағалайды.
Сондай-ақ мұнда Вавилондағы Иштар қақпасы мен салтанатты көшені безендірген түпнұсқа қыш бедерлер қойылған. Арыстан, бұқа және мифологиялық айдаһарлар бейнеленген көгілдір тақталар ежелгі өнердің теңдессіз туындыларының бірі саналады.
Келушілердің ерекше қызығушылығын шамамен төрт мың жыл бұрын жазылған шумерлік саз тақташасы тудырады. Ғалымдардың пікірінше, онда адамзат тарихындағы ең көне махаббат жыры жазылған.
Музей қорында шумер, аккад, вавилон, ассирия, элам, урарту, хетт, ежелгі Мысыр және исламға дейінгі Арабия өркениеттеріне тиесілі мыңдаған тарихи жәдігер сақталған.
Хеттерден Араб түбегіне дейінгі өркениеттер
Экспозиция хетт патшалығының сәулет бөлшектері, тас бедерлері, арыстан мүсіндері мен құдайлардың бейнелерінен басталады.
Одан кейінгі залдарда Араб түбегінде өмір сүрген набатейлер, сабейлер, минейлер және химьяриттердің жазбалары мен мүсіндері қойылған. Сондай-ақ Сауд Арабиясындағы Мадаин-Салих археологиялық кешенінен әкелінген бірегей жазулар да көрермен назарына ұсынылған.
Месопотамияға арналған бөлімде Шумер, Аккад, Вавилон, Ассирия және Элам өркениеттерінің тарихын баяндайтын тақташалар, стелалар, мүсіндер мен басқа да археологиялық мұралар қойылған.
Осман Хамди-бейдің мұрасы
Музей қорының қалыптасуына Осман Хамди-бейдің археологиялық қызметі зор үлес қосты. Сонымен қатар Осман империясында қабылданған Asar-i Atika Nizamnamesi заңы археологиялық мұралардың шетелге шығарылуын шектеп, тарихи құндылықтардың елде сақталуына мүмкіндік берген.
Немрут, Зинджирли, Сидон және Лагина қалаларындағы археологиялық қазбалардан табылған көптеген бірегей жәдігердің Ыстанбұлға жеткізілуі қазіргі әлемдік деңгейдегі коллекцияның қалыптасуына негіз болды.
Қайта жаңғыртылған музей енді келушілерге бірнеше мың жылды қамтитын жазу тарихын, дипломатияның қалыптасуын, ежелгі мемлекеттердің басқару жүйесін, дінін және күнделікті тұрмысын бір жерден тамашалауға мүмкіндік береді.
