Жұма күні Бейжіңде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің «Өзбекстан тұрақты даму мен өркендеу жолында» атты кітабының қытай тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті. Кітапты «Жэньминь чубаньшэ» баспасы шығарған. Бұл туралы SteppeNews.kz Синьхуа ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жинаққа Шавкат Мирзиёевтің 2021–2025 жылдар аралығында халықаралық және ұлттық деңгейдегі маңызды іс-шараларда сөйлеген сөздері мен баяндамалары, сондай-ақ бірқатар сұхбаттары мен авторлық мақалалары енгізілген.
Кітапта Өзбекстанның реформалар мен даму, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастықты тереңдету бағыттарындағы жетістіктері баяндалады. Сонымен қатар басылым елдің ұлттық ерекшеліктеріне сай даму жолын таңдаудағы табандылығын көрсетіп, Шавкат Мирзиёевтің мемлекеттік басқару саласындағы көзқарастары мен тәжірибесін таныстырады.
Бұл басылым Қытай мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік басқару тәжірибесімен алмасуды тереңдетудің нақты үлгісі саналады. Ол екі ел басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластықтарды жүзеге асыруға және Қытай–Өзбекстан қатынастарын дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ Өзбекстанның даму үдерісін зерттейтін сарапшыларға, ғалымдарға және кең оқырман қауымға пайдалы дереккөз болмақ. Кітап екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды кеңейтіп, достықты нығайтуға да үлес қосады.
Тұсаукесер барысында Қытай мен Өзбекстанның сараптамалық орталықтарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың мүшелері кітап туралы пікірлерімен бөлісті. Олар гуманитарлық байланыстарды нығайту, мәдениеттердің өзара ықпалдастығын тереңдету және екі ел арасындағы көпжылдық достықты дамыту жөніндегі ортақ ұстанымдарын білдірді.
Іс-шараға Қытай мен Өзбекстанның тиісті ведомстволарының өкілдері, Қытайда аккредиттелген бірқатар елдердің дипломатиялық миссияларының басшылары мен дипломаттары, сондай-ақ сарапшылар мен ғалымдар қатысты.
Келесі материал: Ош драма театрының қойылымы республикалық фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды
