Қытай тек технологиялық жетістіктерімен, робототехникасымен және заманауи мегаполистерімен ғана емес, мәдени мұраға деген құрметімен де танымал. Соның бір мысалы – Уси қаласына жақын орналасқан Исин қаласындағы «Екінші керамика фабрикасы» мәдени кварталы. SteppeNews.kz тілшісі өнеркәсіптік тарихы жаңа сипатқа ие болып, дәстүрлі қолөнер заманауи қала мәдениетінің бір бөлігіне айналған ерекше кеңістікті аралап қайтты.
Бұл орынның тарихы 1980 жылдан басталады. Сол жылы мұнда күлгін балшықтан жасалатын әйгілі исин керамикасын өндіретін Екінші фабрика ашылған. Уақыт өте келе бұрынғы өндірістік аумақ ауқымды мәдени кварталға айналды. Бүгінде мұнда музейлер, көркем галереялар, шығармашылық шеберханалар, дүкендер мен көрме алаңдары орналасқан.

Кеңістіктің басты ерекшелігі – ғимараттарды қайта жаңғырту тәсілінде. Жобаны жүзеге асырушылар ескі құрылыстарды толығымен бұзудың орнына, өндірістік корпустардың бастапқы келбетін сақтап, оларды заманауи сәулет нысандарымен толықтырған. Соның нәтижесінде өнеркәсіптік мұра мен қазіргі мәдени үрдістер өзара үйлесім тапқан.
Келушілер үшін мұндағы ең қызықты мүмкіндіктердің бірі – керамика жасау үдерісімен тікелей танысу. Арнайы шеберлік сабағы барысында SteppeNews.kz тілшісі де балшықтан өз бұйымын жасап көруге мүмкіндік алды.


Алғаш қарағанда оңай көрінгенімен, балшықпен жұмыс істеу оңай емес. Мұнда әр қимылдың дәлдігі, ұқыптылық, шыдамдылық және материалды сезіне білу маңызды. Мұндай тәжірибе дайын бұйымдарға басқа қырынан қарауға және өмірін керамика өнеріне арнаған шеберлердің еңбегін бағалауға мүмкіндік береді.

Мәдени квартал дәстүрлі қолөнерге қызығатын жандармен қатар, заманауи жастар мәдениетін ұнататындарға да арналған. Мұнда керамика өнеріне арналған үлкен кітап дүкені және Қытайдың bilibili цифрлық платформасымен бірлесіп құрылған деректі фильмдер алаңы жұмыс істейді.

Ай сайын кеңістікте қолдан жасалған бұйымдар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Оған жүзден астам шебер мен дизайнер қатысады. Келушілер авторлық ыдыстарды, әшекейлерді, интерьер бұйымдарын және ерекше кәдесыйларды сатып ала алады.

Кварталдағы назар аударарлық нысандардың бірі – ұзындығы 18 метр болатын «Керамика уақыты мен кеңістігі» атты ауқымды қабырға композициясы. Автор дәстүрлі керамика өнерінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, көркем бейнелер арқылы адамзат өркениетінің даму тарихын жеткізген.
Бүгінде бұрынғы фабрика суретшілердің, студенттердің, туристердің және балалы отбасылардың бас қосатын орнына айналған. Мұнда жергілікті қолөнер тарихымен танысуға, көрмелерді тамашалауға, шеберлердің жұмысын бақылауға, авторлық бұйымдар сатып алуға немесе шығармашылық үдеріске өзің қатысуға болады.

«Екінші керамика фабрикасының» тәжірибесі өнеркәсіптік және мәдени мұраға ұқыпты қарау арқылы заманауи туристік орталық қалыптастыруға болатынын көрсетеді.
Жасанды интеллект, робототехника және басқа да озық технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде Қытай ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерді сақтауға да көңіл бөліп келеді. Исин қаласындағы бұрынғы фабриканың тарихы – өткенді жай ғана сақтап қоймай, оны болашақтың бір бөлігіне айналдырудың жарқын үлгісі.
Келесі материал: Әлеуметтік инфрақұрылымды балалар үшін қалай пайдалы етуге болады?
