Қырғызстандағы Сұлтан Ибраимов атындағы Ош ұлттық драма театрының «Күнөө» спектаклі XIV республикалық театр фестивалінің бас жүлдесіне ие болды. Жеңімпаздарға 1 миллион сом көлемінде ақшалай сыйлық табысталды деп хабарлайды SteppeNews.kz 24KG сайтына сілтеме жасай отырып.
Фестиваль 26–30 қазан аралығында өтті. Ол қырғыз кәсіби театрының қалыптасқанына 100 жыл толуына және Қырғыз Республикасының Батыры Күлүйпа Кондучалованы еске алуға арналды. Байқауға елдің 10 театры қатысты.
«Күнөө» қойылымын режиссер Баатырбек Шамбетов сахналаған. Ол үздік режиссура номинациясында да жеңіске жетіп, 150 мың сом сыйақы алды.
Бірінші орынды «Учур» мемлекеттік жастар театрының «Өлөрман эне жана анын балдары» спектаклі иеленді. Театр ұжымына 700 мың сом табысталды.

Екінші орын Токтоболот Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының «Атанын тагдыры» қойылымына берілді. Жеңімпаздар 500 мың сом сыйақы алды.
Үшінші орын Алай музыкалық-драма театрының «Куса» спектакліне бұйырды. Қойылым үшін ұжымға 350 мың сом берілді.
Фестиваль аясында жеке номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталды. Олардың қатарында үздік ер және әйел рөлдерін сомдаған актерлер, сценография, музыкалық безендіру, режиссура және актерлік ансамбль аталымдарының лауреаттары бар.
Келесі материал: Shymbulak халықаралық SKI BUSINESS AWARDS 2026 сыйлығын иеленді
