FlyArystan әуе компаниясы Алматы мен Өзбекстанның Үргеніш қаласы арасында жаңа халықаралық тікелей рейсті іске қосты. Жаңа бағыт екі ел арасындағы туристік, мәдени және іскерлік байланысты дамытуға бағытталған, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Жаңа рейстің таныстырылымы Алматы қаласында өтті. Іс-шара барысында Үргеніш пен Хорезм облысының туристік мүмкіндіктері таныстырылып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасы мен инвестициялық әлеуеті туралы ақпарат берілді.
Өзбекстанның Алматыдағы Бас консулы Раушанбек Матчановтың айтуынша, жаңа әуе бағыты екі ел арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтереді.
«Жаңа әуе рейсінің ашылуы – екі қаланы ғана емес, екі мемлекетті және екі халықты жақындастыратын маңызды қадам. Меніңше, Қазақстан тұрғындарының басым бөлігі Хиуа қаласын әлі толық танып үлгерген жоқ. Себебі Хиуа – Өзбекстанның шалғай өңірінде орналасқан ерекше тарихи қала. Оның екі жарым мың жылдан асатын бай тарихы мен өзіндік дәстүрі бар. Қазақстандықтар бұл қаланы өз көздерімен көрсе, оның бірегей туристік бағыт екеніне көз жеткізеді. Қазақстан халқы саяхаттауды жақсы көреді, ал Хиуа – олардың әлі барып көрмеген ерекше орындарының бірі. Бұл рейс екі ел арасындағы туристер ағынын арттыруға үлкен серпін береді», – деді ол.
Бас консулдың айтуынша, Хорезм облысы тек тарихи мұрасымен ғана емес, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік әлеуетімен де ерекшеленеді.
«Бұл рейс тек туризм үшін ғана ашылып отырған жоқ. Ол екі мемлекет арасындағы мәдени алмасуды күшейтіп, халықтардың бір-бірін жақынырақ тануына мүмкіндік береді. Хорезм тұрғындарының өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі, тіпті өзбек тілінен ерекшеленетін жергілікті сөйлеу мәнері бар. Сонымен қатар өңір ең сапалы қауын, қарбыз және күрішімен танымал. Мұнда жібек өндірісі, тоқыма және тігін өнеркәсібі жақсы дамыған. Жаңа рейс өңіраралық ынтымақтастықты нығайтып, сауда айналымын ұлғайтуға ықпал етеді. Біз болашақта екі ел арасындағы тауар айналымын 10 миллиард АҚШ долларынан асыруды жоспарлап отырмыз», – деді Раушанбек Матчанов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
