Соңғы жылдардағы геосаяси сілкіністер дәстүрлі теңіз маршруттарының осал тұстарын айқын көрсетті. Әлемдік сауда жолдарындағы тәуекелдердің артуы, тасымалдау құны мен сақтандыру шығындарының өсуі нарық қатысушыларын жүк жеткізудің баламалы нұсқаларын іздеуге мәжбүр етуде. Осы ретте Еуразия аумағы арқылы Қытайды Еуропа нарықтарымен байланыстыратын құрлықтық көлік дәліздерінің маңызы артып келеді. Құрлықтық маршруттардың жаһандық логистиканы қалай өзгертіп жатқаны туралы SteppeNews.kz тілшісіне Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошакбаев айтып берді.
Әлемдік логистиканың қайта құрылымы Қытай мен Еуропа арасындағы жеткізу маршруттарына қазірдің өзінде әсер етуде. Көптеген компаниялар жеткізу тізбегін әртараптандыруға ұмтылуда.
«Соңғы жылдардағы, тіпті соңғы айлардағы геосаяси оқиғалар теңіз тасымалының өте үлкен осалдығын нақты көрсетті», — деп атап өтті Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев.
Егер жақында ғана Азия мен Еуропа арасындағы жүктердің негізгі бөлігі теңіз жолдарымен тасымалданса, бүгінде компаниялар құрлықтық баламаларды белсенді түрде қарастыруда. Бұл тек қауіпсіздік мәселелеріне ғана емес, сонымен бірге халықаралық жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігіне де байланысты.
Еуразиялық көлік дәліздерінің маңызы күн санап артып келеді. Негізгі бағыттардың бірі ретінде Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағы арқылы өтетін Солтүстік көлік дәлізі қалып отыр. Оның дамуында контейнерлік транзитті бірлесіп басқару үшін үш елдің ұлттық теміржол операторлары құрған Біріккен көлік-логистикалық компаниясы (ОТЛК) маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, «Орталық дәліз» (Срединный коридор) ретінде белгілі Транскаспий халықаралық көлік маршруты да белсенді дамып келеді. Ол Қытай мен Еуропаны Қазақстан, Каспий теңізі, Әзірбайжан және Грузия арқылы байланыстырады.
Рақым Ошақбаевтың айтуынша, бұл бағыттар өзара бәсекелеспейді, керісінше халықаралық тасымал жүйесінде әртүрлі функцияларды атқарады.
«Бұл екі маршрут бірін-бірі алмастырмайды. Олар логистиканы елеулі түрде әртараптандыратын біртұтас кешен ретінде жұмыс істейді және бұл Қытай үшін Еуропа нарықтарына шығу тұрғысынан өте маңызды», — деп баса айтты ол.
Сарапшының бағалауынша, ағымдағы жылы Қытай — Еуропа бағыты бойынша тасымалдау көлемі 600–700 мың TEU-дан асуы мүмкін, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден екі есеге жуық көп. Бұл ретте ЕАЭО шеңберінде құрылған әкімшілік құрылым, соның ішінде ОТЛК, жүктердің сенімділігін, сақталуын және жеткізудің нақты мерзімдерін қамтамасыз етеді.
Тасымал көлемінің артуы заңды түрде Еуразиялық көлік жүйесіндегі Қазақстанның маңызын күшейтеді. Өзінің географиялық орналасуының арқасында ел Қытай мен Еуропа арасында қалыптасып жатқан көлік дәліздері желісінің маңызды элементіне айналуда. Қазақстан тек транзиттік буын ғана емес, сонымен қатар заманауи логистикалық шешімдерді енгізу алаңы ретінде де бой көрсетіп отыр.
«Қазақстан бұл жерде жай ғана транзиттеуші емес, заманауи цифрлық логистиканың өзіндік зертханасы ретінде әрекет етуде», — деп есептейді Рақым Ошақбаев.
Smart Connectivity — ақылды байланыс
Көлік дәліздерін дамыту енді тек инфрақұрылым құрылысымен ғана шектелмейді. Келесі маңызды кезең — тасымалдауды цифрландыру және логистикалық процестерге қатысушылар арасындағы мәліметтердің үйлесімділігін қамтамасыз ету болып табылады.

«Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясында Қытай Smart Connectivity — «ақылды байланыс» бағытына үлкен көңіл бөлуде. Сөз халықаралық тасымалдар үшін бірыңғай цифрлық кеңістікті қалыптастыру, жүктерді ресімдеу уақытын қысқарту және транзакциялық шығындарды азайту туралы болып отыр.
«Физикалық инфрақұрылымнан бөлек, деректерді беруді қамтамасыз ету, транзакциялық шығындарды, уақыт пен қаражат жоғалтуды барынша азайту өте маңызды», — дейді Рақым Ошақбаев.
БҰҰ-ны қоса алғанда, халықаралық ұйымдар жүк тасымалын цифрландырудың бірыңғай стандарттарын қалыптастырып үлгерді. Еуразиялық маршруттар үшін бұл тауарлардың шекарадан өтуін жеделдетуді және көлік операцияларының тиімділігін арттыруды білдіреді.
Қытай логистикаға инновацияларды енгізу бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып қала береді. Жоғары жылдамдықты теміржол тасымалы, жүк ағындарын басқарудың цифрлық платформалары, процестерді автоматтандыру және ұшқышсыз технологияларды пайдалану бірте-бірте жаңа көлік моделінің бөлігіне айналуда.
«Заманауи логистика — бұл тек темір мен инфрақұрылым туралы емес, бұл ең алдымен деректер туралы», — деп түйіндеді спикер.
Бүгінде бәсекелестік тек көлік маршруттарының арасында ғана емес. Деректерді алмасу жылдамдығы, цифрлық платформалардың үйлесімділігі және логистикалық қызметтердің сапасының маңызы артып келеді. Алдағы жылдары Еуразиялық тасымалдардың дамуын негізінен осы факторлар айқындайтын болады.
Сәуле Тугелбаева
