11–12 шілде күндері Қытайда 25-ші халықаралық «Цинхай көлі туры» тас жол веложарысының алғашқы екі кезеңі өтті деп хабарлайды SteppeNews.kz, «Жэньминь жибао» басылымына сілтеме жасап.

Алғашқы кезең Синин қаласында ұйымдастырылып, спортшылар 121 шақырымдық айналма бағытта сынға түсті. Жолдың басым бөлігі тегіс болғанымен, қатысушылар биік таулы аймақтағы ауа райы, қала көшелеріндегі күрт бұрылыстар және жаңбырдан кейінгі тайғақ жол жағдайында жарысуға мәжбүр болды. Нәтижесінде LiNing Star командасының өкілі Александр Салби кезең жеңімпазы атанды.

Екінші кезең Хуанъюань мен Мэньюань қалалары арасында өтті. Велошабандоздар 225 шақырым қашықтықты еңсерді. Бағыттың алғашқы бөлігі теңіз деңгейінен шамамен 2200 метр биіктіктегі Хуаншуй өзенінің аңғарымен өтсе, кейін спортшылар 3000 метрден асатын асуға көтерілді. Бұл кезеңде италиялық Polti VisitMalta командасының шабандозы Габриэле Бессега мәреге бірінші болып жетті.

Биік таулы табиғат аясында өтетін бұл халықаралық жарыс күрделі бағытымен және тартысты бәсекесімен ерекшеленеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Цинхай көлі туры» алдағы кезеңдерде де жанкүйерлерге қызықты сәттер сыйлауды жалғастырады.
