Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) кезекті 100-ші отырысы өтті деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Жиын барысында 2025 жылғы шағын және орта кәсіпкерліктің даму қорытындылары шығарылып, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту тетіктері талқыланды. Сонымен қатар өсімдік карантині, астық нарығы және электрондық лотереяларды реттеу бағытындағы заңнамалық өзгерістер қаралып, қолдау тапты.
Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 2,36 млн шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Қазіргі уақытта оның 2,18 млн-ы жұмыс істеп тұр. Соңғы бес жылда белсенді кәсіпорындардың үлесі 84,3%-дан 92,2%-ға дейін өсіп, 7,9 пайыздық тармаққа артқан. Кәсіпкерлік сектордың негізгі бөлігін 2 357 172 шағын бизнес субъектісі құрайды.
ШОБ-тың экономикадағы үлесі де артып келеді. 2020 жылы оның ЖІӨ-дегі үлесі 32,9% болса, 2025 жылы 40,9%-ға жетті. Оның ішінде шағын бизнестің үлесі – 33,7%, орта бизнестің үлесі – 7,2%.
Отырыста мемлекеттік реттеуді цифрландыру және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету жұмыстары жалғасып жатқаны айтылды. 2025 жылы бизнесті тексеру 4,9%-ға төмендеген. Біліктілік талаптарына сәйкестікті тексеру саны 1 173-тен 358-ге дейін қысқарып, 69,5%-ды құрады.
Сондай-ақ жоспардан тыс тексерулер 47 154-тен 46 884-ке дейін, ал басқа тексерулер 4 993-тен 3 449-ға дейін азайған.
Рұқсат беру жүйесін жетілдіру жұмыстары да жалғасуда. Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері бірқатар рұқсат құжаттарын беру мерзімін қысқартып, кәсіпкерлерге 6-дан 18 күнге дейін уақыт үнемдеуге мүмкіндік берген.
Есептілікті оңтайландыру аясында қолданыстағы 192 ақпараттық құралдың 15%-ын қысқарту ұсынылды. Қазіргі таңда 79 құрал немесе жалпы көлемнің 40,7%-ы автоматтандырылған. Оның ішінде «Е-Қаржымині» жүйесінде 10 есептілік нысаны электрондық форматқа көшірілді.
Комиссия отырысында электрондық жедел және тираждық лотереяларды реттеу мәселесі де көтерілді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, елде мұндай қызметпен айналысатын 200-ден астам ұйым бар. Осыған байланысты электрондық тираждық лотереялардың аралығын әр үш минуттан 30 минутқа дейін ұзарту және белгілі бір уақыт ішінде сатып алынатын электрондық жедел лотерея билеттерінің санына шектеу енгізу ұсынылды.
Агроөнеркәсіптік кешендегі бақылау мәселесі де қаралды. 2025 жылы облысаралық өнім тасымалдауда карантиндік сертификаттың міндетті талаптан алынуына байланысты карантиндік нысандардың бақылаусыз таралу қаупі туындаған.
Статистикаға сәйкес, 2023 жылы 158,5 млн теңге айыппұл сомасына 1 986 құқық бұзушылық, ал 2024 жылы 208,1 млн теңге сомасына 2 093 құқық бұзушылық анықталған.
Осыған байланысты карантин енгізілген өнімдерді облысаралық тасымалдау кезінде карантиндік сертификатты қайта міндетті ету ұсынылды. Ол болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылмақ. Айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін – 20 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК көлемінде белгіленеді.
Комиссия сондай-ақ жаңа егін маусымы қарсаңында астық қабылдау кәсіпорындарын жыл сайын тексеру тәртібін қайта енгізуді қолдады. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, бұл бағыттағы жүйелі тексерулер 2018 жылдан бері жүргізілмеген.
Соңғы бес жыл ішінде тек төрт облыстағы кәсіпорындар ғана тексерілген. 2024 жылы астық туралы заңнаманы бұзудың 37 фактісі анықталып, 31 бизнес субъектісі жауапкершілікке тартылды. 2025 жылы осындай 11 жағдай тіркеліп, төрт кәсіпорын жауапқа тартылған.
Ұсынылған түзетулер «Астық туралы» заңға, Кәсіпкерлік кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізіледі. Жаңашылдық «QOLDAU» платформасындағы «AgriBonds» астық қолхаты жүйесінде тіркелген 189 бизнес субъектісіне қатысты болады.
Отырыс қорытындысында ведомствоаралық комиссия қаралған бастамалар бойынша реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін мақұлдады.
