Өзбекстанның ұлттық құрамасы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында 19–24 қазан аралығында өткен V жазғы Параазиялық ойындардан елге оралды. Спортшылар 145 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте Қытай мен Жапониядан кейін үшінші орынға ие болды деп хабарлайды SteppeNews.kz Kun.uz ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
25 қазанда Ташкент қаласындағы Ислам Каримов атындағы халықаралық әуежайда спортшыларды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Іс-шараға Өзбекстан Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева, Спорт министрі Адхам Икрамов, Президенттің спорт мәселелері жөніндегі өкілі Одил Абдурахмонов, Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі директорының бірінші орынбасары әрі Ұлттық паралимпиадалық комитет төрағасының бірінші орынбасары Шахноза Мирзиёева және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Рәсім барысында Танзила Нарбаева Президент Шавкат Мирзиёевтің құттықтауын оқып берді. Мемлекет басшысы ұлттық құраманың өнерін «Өзбекстан командасының шын мәніндегі тарихи жеңісі» деп бағалады.
45 елден 2600-ден астам параспортшы қатысқан жарыста Өзбекстан өкілдері спорттың 11 түрінен бақ сынады. Нәтижесінде 45 алтын, 49 күміс және 51 қола медаль жеңіп алды.
Президент құттықтауында Өзбекстан құрамасының Үндістан, Оңтүстік Корея, Иран, Таиланд және Индонезия спортшыларынан озып, Қытай мен Жапониямен бірге үздік үштікке енгенін атап өтті.
Сондай-ақ жарыста бірнеше спортшы жоғары нәтижеге қол жеткізді. Руза Кузиева парапауэрлифтингтен әлемдік рекорд орнатты. Ал Параазиялық ойындарға алғаш рет қатысқан Егор Болотов паражүзуден төрт алтын және бір күміс медаль иеленді.
15 жастағы Бобурбек Тоштемиров те ерекше жетістікке жетті. Ол тректегі паравелоспорттан Өзбекстан тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алып, жарыстың ең жас чемпионы атанды.
Шавкат Мирзиёев спортшылардың жетістіктері елдегі паралимпиадалық қозғалыстың дамып келе жатқанын және жаңа чемпиондар буыны қалыптасқанын көрсететінін айтты. Мемлекет басшысы спортшылардың ата-аналары мен жаттықтырушыларына алғыс білдіріп, Жапонияда қол жеткізілген нәтижелер 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына дайындыққа негіз болатынына сенім білдірді.
Келесі материал: Маңғыстау саяхаттауға ұсынылатын әлемдік ТОП-20 бағыттың қатарына енді
