Халықаралық беделді Travel + Leisure India and South Asia басылымы Маңғыстау өңірін 2027 жылы саяхаттауға ұсынылатын ең үздік 20 бағыттың қатарына қосты. Журналдың 2026 жылғы қазан айындағы баспа нұсқасында жарық көрген «The Next 20» арнайы рейтингінде Маңғыстау 10-орынға тұрақтады, деп жазады SteppeNews.kz.
Басылымдағы сараптамалық ақпаратта өңірдің бірегей табиғи ландшафты, бай тарихи-мәдени мұрасы мен шытырман оқиғалы туризмді дамытудағы зор мүмкіндіктері кеңінен аталған. Атап айтқанда, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген жартасқа қашалған жерасты мешіттері, Айрақты «Қамалдар аңғары» мен Бозжыра шатқалы шетелдік саяхатшылар үшін басты тартылыс төрі ретінде көрсетілген. Сонымен қатар өңірдегі туристік инфрақұрылымның дамуына, көлік қолжетімділігінің артуына және жаңа белсенді маршруттардың пайда болуына ерекше назар аударылған.
Материалды әзірлеуге «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен Redmaya Travel Qazaqstan туроператоры қолдау көрсеткен.

Үндістандық туристердің Қазақстанға қызығушылығы артып келеді
Маңғыстаудың үндістандық басылым рейтингіне енуі кездейсоқ емес. Соңғы жылдары Үндістаннан Қазақстанға келетін саяхатшылар ағыны едәуір өскен:
-
2025 жылдың қорытындысы бойынша: Үндістан Қазақстанның қонақүйлері мен орналастыру орындарында тіркелген шетелдік азаматтар саны бойынша 3-орынға шықты (158 мыңға жуық турист).
-
2026 жылдың 9 айының көрсеткіші: Елімізге Үндістаннан 93 мыңға жуық турист келген.
Travel + Leisure India and South Asia — ауқатты саяхатшыларға, кәсіпкерлер мен компания басшыларына арналған америкалық танымал өмір салты (lifestyle) журналының өңірлік басылымы. Маңғыстаудың мұндай деңгейдегі медиада бағалануы өңірге шетелдік инвесторлар мен жоғары төлем қабілеті бар туристерді тартуға жол ашады.
Келесі материал: Алматыда Республика күніне орай Мемлекеттік Ту көтерілді
