7–11 қазан аралығында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында 78-ші халықаралық «Frankfurter Buchmesse 2026» кітап жәрмеңкесі өтуде. Қазақстанның ұлттық стендіне отандық баспалардың 300-ге жуық кітабы қойылып, бірқатар жаңа басылымның тұсаукесері өтуде. Олардың қатарында «Мектеп» баспасының тарихи еңбектері де бар.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған ұлттық стендте биыл 30-дан астам өкілден құралған қазақстандық делегация таныстырылуда. Жәрмеңкеге «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап», «Arman-PV», «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы», «Steppe & World Publishing» және басқа да баспалар қатысып жатыр. Іс-шара аясында кітап таныстырылымдары өтіп, халықаралық баспа өкілдерімен кәсіби кездесулер ұйымдастырылуда.

Жәрмеңкенің екінші күні «Мектеп» баспасы Қазақстан тарихы мен тарихи мұрасына арналған екі басылымын таныстырды. Олардың қатарында Genealogy of Sultan Sydyk кітабы мен «Эпоха Уалихана и потомки Абылай хана» атты құжаттар жинағы бар. XIX ғасырдың 1880-жылдарында Кенесары ханның ұлы Ахмет Сұлтан жазған бұл еңбек қазақ даласы мен Орталық Азия хандықтарының саяси және әскери жағдайын, Кенесары әулетінің тағдырын, отаршылдыққа қарсы күрес кезеңдерін сипаттайтын тарихи дереккөз саналады.

Кітап Ербол Алшынбайдың шағатай тіліндегі түпнұсқадан қазақшаға аударған нұсқасы негізінде ағылшын тіліне тәржімаланған. Басылымға шығарманың түпнұсқа факсимилесі, ғылыми түсініктемелер мен тарихи карталар енгізілген. Еңбек Орталық Азия мен қазақ халқының тарихын зерттеушілерге, тарихшыларға және осы тақырыпқа қызығатын оқырмандарға арналған.
Баспаның екінші туындысы – «Эпоха Уалихана и потомки Абылай хана» атты құжаттар жинағы. Онда XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Орта жүз тарихына қатысты архивтік материалдар топтастырылған. Жинақта Уәли ханның ел басқарудағы рөлі, Ресей әкімшілігімен қарым-қатынасы, аймақтың ішкі саясаты және дәстүрлі хандық биліктің өзгеру үдерістері қамтылған.

Франкфурт кітап жәрмеңкесі қазақстандық баспаларға өз еңбектерін халықаралық оқырманға таныстыруға, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік беріп отыр.
Келесі материал: Алматы облысында «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті
