Алматыда болашақ Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығы ғимаратының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР ТЖМ баспасөз орталығына сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Су Фанцю, ҚХР Жер сілкіністері жөніндегі әкімшілігінің Геофизика институтының өкілдері, мемлекеттік органдар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері және шақырылған қонақтар қатысты.

Қазақстан мен Қытайдың сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы
Ғимараттың ашылуы сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі болды. Қазақстан тарапы болашақ бірлескен орталықтың жұмыс істеуі үшін қажетті инфрақұрылымды қалыптастырды.
Екіжақты ғылыми өзара іс-қимылды жүйелі түрде дамыту мақсатында Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығын құру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанға дейін Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының құрылымында үш мамандандырылған зертхананы қамтитын Жер сілкіністерін зерттеу орталығы құрылды.
Аталған зертханалардың функционалдық бағыты болашақ бірлескен орталықтың жоспарланған жұмыс моделіне сәйкес келеді. Бұл қазіргі кезеңнің өзінде бірлескен ғылыми зерттеулерді бастауға мүмкіндік береді.

Ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
Бірлескен зерттеулерді дамыту мақсатында Қазақстан мен Қытайдың ғылыми ұйымдары маңызды құжатқа қол қойды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығы» ЖШС мен ҚХР Жер сілкіністері жөніндегі әкімшілігінің Геофизика институты арасында геофизика және сейсмология саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

Бұл құжат екі ел ғалымдарының геофизика және сейсмология салаларындағы бірлескен зерттеулерін жүйелі түрде жүргізуге негіз болады.
Іс-шара барысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және аталған жобаны іске асыруға қосқан елеулі үлесі үшін ұйым өкілдері мен ТЖД қызметкерлеріне Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградалары табысталды.
Зерттеу жұмыстарының маңызы
Бірлескен жобаның іске қосылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми өзара іс-қимылдың жаңа кезеңіне жол ашады.
Зерттеу нәтижелері сейсмикалық белсенділікті мониторингілеу мен болжаудың заманауи әдістерін дамытуға, сондай-ақ екі елдің сейсмикалық қауіпсіздік деңгейін арттыруға елеулі үлес қосады деп күтілуде.
