Қазақстанда шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) QazETA мобильді қосымшасы арқылы қашықтан рәсімдеуге мүмкіндік беретін пилоттық жоба бекітілді. Тиісті бұйрыққа Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қол қойды, деп жазады SteppeNews.kz.
Жаңа цифрлық қызмет елімізде уақытша жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға арналған. Өтінім жолдап, дайын құжатты алу үдерісі MAQ көші-қон қызметтерінің цифрлық платформасы арқылы QazETA қосымшасында жүзеге асады.
Шетелдіктер ЖСН-ді қалай рәсімдейді?
Құжатқа өтінім беру үшін өтініш иесі мына қадамдарды орындауы қажет:
-
Қосымшада тіркеліп, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру;
-
Жеке басын куәландыратын құжатты суретке түсіріп жүктеу;
-
Биометриялық сәйкестендіруден өту.
Қызмет түрін таңдағаннан кейін ақпараттық жүйе «Бүркіт» дерекқоры арқылы азаматтың Қазақстан аумағына кіргенін автоматты түрде тексереді. Одан кейін өтініш беруші смартфонындағы геолокацияны растап, жүйе алдында нақты адамның тұрғанын айқындайтын Liveness тексерісінен өтеді.
Келесі кезеңде қосымшада алдын ала толтырылған өтінім үлгісі ашылады. Шетелдік азамат ондағы мәліметтердің дұрыстығын тексеріп, қосымша мына деректерді енгізеді:
-
туған жері;
-
байланыс деректері;
-
ұлты.
Содан кейін өтінім жолданады. Рәсімдеу барысында жүйе азаматқа бұрын ЖСН берілген-берілмегенін де тексереді. Ал биометриялық деректер иммигранттардың эталондық базасымен салыстырылып, бір адамның атына бірнеше құжат тіркелуінің алдын алу үшін қолданылады.
Нәтиже қанша уақытта дайын болады?
Бекітілген тәртіпке сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі бір жұмыс күнін құрайды (өтініш берілген күн бұл мерзімге кірмейді).
Келіп түскен өтінімді Ішкі істер министрлігінің қызметкері тексереді. Маман деректердің толық әрі қатесіз толтырылуын, тіркелген құжаттарға сәйкестігін және қайталанатын ЖСН-нің жоқтығын қадағалайды.
Қызмет нәтижесі мобильді қосымшада көрсетіледі:
-
Оң шешім қабылданса: өтініш беруші өзіне тағайындалған ЖСН-ді көріп, тіркеу куәлігін PDF форматында жүктеп ала алады.
-
Бас тартылған жағдайда: қосымшаға оның нақты себебі көрсетілген хабарлама келеді.
Жалған құжаттар немесе бұрмаланған мәліметтер ұсыну, сондай-ақ деректердің белгіленген талаптарға сай келмеуі өтінішті қанағаттандырмауға негіз болады.
Ішкі істер министрлігінің аталған бұйрығы 9 қарашада күшіне енді және бір жыл бойы қолданыста болады.
Келесі материал: Байлыққа салынатын салық: Қазақстан халықаралық тәжірибеден нені ескеруі керек?
