Алматыда С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасының 75 жылдығына орай «Моңғолия мен Қазақстанның біртұтас мәдени кеңістігі: кітапханааралық ынтымақтастық» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Басқосуда екі ел кітапханалары арасындағы кәсіби байланыстарды дамыту, тәжірибе алмасу және кітапхана ісін цифрландыру мәселелері талқыланды.
Халықаралық шара Моңғолия Ұлттық кітапханасы мен Алматы қаласының кітапханаларының ұйымдастыруымен өтті. Кездесу Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ұлы ақынды ұлықтаудан басталды. Моңғолиядан келген қонақтарға Абайдың әндері орындалып, қазақтың ұлы ойшылының шығармашылық мұрасы таныстырылды.

Дөңгелек үстелдің Сапарғали Бегалин атындағы кітапханада өтуінің де өзіндік мәні бар. Жазушы, этнограф, мәдениеттанушы және филолог Бердалы Оспанның айтуынша, бұл кітапхана кезінде Қазақстандағы ең ірі кітапханалардың бірі болған.
Сапарғали Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасы 1951 жылы құрылған. Кітапхана 1971 жылдан бері XIX ғасырдағы сәулет және тарих ескерткіші саналатын ғимаратта орналасқан. 1996 жылы оған қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, фольклортанушы әрі қоғам қайраткері Сапарғали Бегалиннің есімі берілді. Бегалин қазақ балалар әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосып, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға және зерттеуге де көп еңбек сіңірген.
Алматы кітапханалары қалай өзгеріп жатыр?
Шара барысында Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкері Метилда Мерей қаладағы кітапханалардың қазіргі жұмысы мен жаңғыру бағыттарын таныстырды.

Қазір Алматыда 30 кітапхана жұмыс істейді. Олардың 97 пайызы жаңғыртудан өткен, жүйеде 471 қызметкер еңбек етеді. Жеті кітапхана тәулік бойы жұмыс істейтін форматқа көшкен. Олардың қатарында Жамбыл атындағы, М. Әуезов атындағы, Қазақстан Жазушылар одағы атындағы, А.П. Чехов атындағы кітапханалар, «Alatau Creative Hub», сондай-ақ Наурызбай және Бостандық аудандық кітапханалары бар.
Соңғы жылдары кітапхана қоры да айтарлықтай толыққан. 2023 жылы жүйедегі кітап қоры 1,16 миллион дананы құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 1,37 миллионнан асты.
Кітапханалар жүйесінде цифрландыруға да басымдық беріліп отыр. Оқырмандарға арналған бірыңғай билет RFID технологиясы негізінде енгізілген. Ол пластикалық карта және мобильді қосымша түрінде қолжетімді. Сонымен қатар оқырмандар кітап қорын қашықтан қарап, өзіне жақын кітапхананы анықтай алады.
Ал инклюзивті орта қалыптастыру бағытында 10 филиал арнайы құралдармен жабдықталған. Оларда Брайль қарпімен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін бағдарламалар мен дыбыстық интерфейстер қарастырылған. Сонымен қатар көру және есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар жеті қызметкер кітапхана жүйесінде еңбек етеді.
Моңғолия кітапханаларында 3,5 миллионнан астам кітап бар
Дөңгелек үстелде Моңғолия Ұлттық кітапханасының директоры Баярхүү Ичинхорлоо Моңғолиядағы кітапхана ісінің қазіргі бағыты туралы айтып берді.

Оның сөзінше, Моңғолия Ұлттық кітапханасының қорында 3,5 миллионнан астам кітап бар.
«Соның жартысы – бұрыннан келе жатқан бағалы, сирек кездесетін қолжазбалар, діни кітаптар, алтынмен, күміспен жазылған өте құнды кітаптар», – деді Баярхүү Ичинхорлоо.
Моңғолия Ұлттық кітапханасы тарихи мұраны цифрландыруға да көңіл бөліп отыр. Директордың айтуынша, кітапхана қорындағы онға жуық құнды нысан ЮНЕСКО тізіміне тіркелген.
«Біз онға жуық кітапты ЮНЕСКО-ға тіркегенбіз. Біздің де мақсатымыз – сандық кітапханамызды дамыту. Сіздердің жасаған технологияларыңыз бен аппараттарыңызды көрдік. Бұл жерде үйренетін нәрсе өте көп екен», – деді ол.
Моңғолия тарапы үшін балаларды кітап оқуға тарту да маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Баярхүү Ичинхорлооның айтуынша, қазіргі кезде балалардың смартфонға тәуелділігі артып келеді. Сондықтан кітапханалар оларды қайтадан кітап оқуға және білім алуға бағыттаудың жолдарын іздеп жатыр.
Ол Алматы кітапханаларының цифрландыру тәжірибесі мен заманауи технологияларын жоғары бағалап, екі ел арасында кәсіби тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
Кездесу соңында тараптар кітапхана саласындағы кәсіби байланысты одан әрі нығайтуға ниет білдірді. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Қазақстан мен Моңғолия кітапханалары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған резолюция қабылданды.

Айгерім Бейбітқызы
