• kk
  • ru
  • Алматыда InEco Fest 2026 өтті: экология мен инклюзия бір алаңда тоғысты

    👁 117

    Алматыдағы Бас ботаникалық бақта экология мен инклюзияға арналған үшінші жыл сайынғы InEco Fest 2026 фестивалі өтті. Биылғы шара «Бастау» тақырыбына арналды. Фестиваль табиғатты қорғау, экологиялық мәдениет, инклюзивті қоғам және тұрақты даму мәселелерін бір алаңда тоғыстырды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.

    InEco Fest 2026
    Фото: SteppeNews.kz\Рымқұл Аружан

    Шараға 4 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында балалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, оқушылар мен студенттер, ғалымдар, экологтар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен қалалық бастамалардың өкілдері болды.

    Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын, әр адам өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне алатын орта қалыптастыру.

    InEco Fest 2026
    Фото: SteppeNews.kz\Рымқұл Аружан

    Экология – табиғатқа ғана емес, адамға да қамқорлық

    ITeachMe қорының операциялық директоры Дәурен Бекғожаевтың айтуынша, экология ұғымын тек табиғатты қорғаумен шектеуге болмайды.

    «Біз қоршаған әлемге қамқорлық жасау бір-бірімізге қамқорлық жасаудан басталады деп есептейміз. Сондықтан мүгедектігі бар адамдар мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар фестивальдің жай ғана қонағы емес, оның толыққанды қатысушылары, ұйымдастырушылары және түрлі шаралардың авторлары», – деді Дәурен Бекғожаев.

    Осы идея фестивальдің негізгі бағыттарының біріне айналды. «Инклюзивті қоғам» алаңында қатысушылар инклюзия ұғымымен танысып, ортақ шығармашылық арқылы адамдар арасындағы кедергілерді азайтудың жолдарын көрді. Мұнда африкалық барабандарда ойнау бойынша шеберлік сабақтары мен арт-терапия ұйымдастырылды.

    InEco Fest 2026
    Фото: SteppeNews.kz\Рымқұл Аружан

    «Мама Про» қорының зерттеу және адвокация жөніндегі үйлестірушісі Айнұр Құдайбергенова инклюзияны аяушылықпен шатастырмау қажет екенін атап өтті.

    «Инклюзия – аяушылық емес, тең мүмкіндік туралы. Біз бәріміз бір-бірімізден ерекшеленеміз. Бірақ өзгешелігі бар адамды көргенде өзімізді неге екені белгісіз басқаша ұстай бастаймыз. Сондықтан бұл әлемде бәріміз бірдей, тең дәрежеде өмір сүруіміз керек», – деді Айнұр Құдайбергенова.

    Оның сөзінше, ерекше баланың қоғамдық ортадағы мінез-құлқын сырттай бағалап, ата-анасына кінә тағудың орнына, қарапайым қолдау көрсету маңызды.

    «Осындай жағдайды көрген кезде күлімсіреп: “Мен сізге қалай көмектесе аламын?” деп сұрауға болады. “Балаңызды дұрыс тәрбиелемегенсіз” деп талқылаудың қажеті жоқ. Кей жағдайда бұл баланың диагнозына байланысты ерекшелік болуы мүмкін», – деді ол.

    Айнұр Құдайбергенова қоғамды адамдарды «біз» және «олар» деп бөлмеуге шақырды.

    «Біз екі түрлі әлем емеспіз. Біз “біз” және “олар” болып бөлінбеуіміз керек. Бәріміз адамбыз және бір планетада өмір сүріп жатырмыз. Өзара араласқан кезде белгісіз нәрседен қорқу да жоғалады», – деп атап өтті қор өкілі.

    InEco Fest 2026
    Фото: SteppeNews.kz\Рымқұл Аружан

    «Бастау» – білімнің, шабыттың және өзгерістің қайнары

    Биылғы фестивальдің «Бастау» тақырыбы да ерекше мағынаға ие болды. Ботаника және фитоинтродукция институтының білім беру және мәдени-ағартушылық жобаларының жетекшісі Баян Коспенбетованың айтуынша, бұл ұғым тек су көзімен шектелмейді.

    «Біз қатысушыларға білімнің, шабыттың, энергияның, қолдаудың, жаңа қауымдастықтар мен қоғамдағы оң өзгерістердің бастауы не екенін ойлануды ұсындық. Сондықтан фестиваль алаңы ретінде Бас ботаникалық бақты таңдадық. Бұл – өсімдіктер туралы ғылыми білімнің ғана емес, қала тұрғындары үшін демалыс пен шабыттың да қайнары», – деді Баян Коспенбетова.

    Оның айтуынша, фестивальдің мақсаты – келушілерге жақсы әсер сыйлап қана қоймай, күнделікті өмірде қолдануға болатын білім беру.

    «Біздің басты міндетіміз – фестивальден кейін адамдардың өзімен бірге жақсы әсерлермен қатар, күнделікті өмірінде қолдана алатын жаңа білім алып қайтуы», – деді ол.

    Ботаникалық бақ
    Фото: SteppeNews.kz\Рымқұл Аружан

    Бас ботаникалық бақ – қаланың табиғи тынысы

    Фестивальдің Бас ботаникалық бақта өтуі шараның экологиялық мазмұнын аша түсті. Қаладағы жасыл аумақтар қоршаған ортаның жағдайына әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың демалуына және психологиялық тұрғыдан тынығуына мүмкіндік береді.

    Өсімдіктердің жапырақтарынан ылғалдың булануы ауаны салқындатып, бақ аумағында қолайлы микроклимат қалыптастыруға ықпал етеді. Ал қалың өсімдік жамылғысы қалалық шуды бәсеңдетіп, келушілерге тыныш орта сыйлайды.

    Қаланың үздіксіз шуы мен қарбаласынан алыстау адамның күйзелісін азайтып, табиғи ортада тынығуына жағдай жасайды. Сондықтан ботаникалық бақты тек демалыс орны емес, қала тұрғындарының табиғатпен байланысын сақтайтын маңызды қоғамдық кеңістік деуге болады.

    11 алаңда экологияны тәжірибе арқылы көрсетті

    Фестиваль аумағында 11 тақырыптық алаң жұмыс істеді. Қонақтар өз қызығушылығына қарай түрлі шеберлік сабақтарына, дәрістерге, тәжірибелер мен шығармашылық жұмыстарға қатысты.

    «Экологиялық өмір салты» алаңында қатысушылар қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және қалдықсыз тұтыну қағидаларымен танысты. Еріктілермен бірге қайта пайдалануға болатын сөмкелер жасап, экологиялық викториналарға қатысты.

    «Тұрақты қала» кеңістігінде күнделікті қарапайым әрекеттердің қалалық экожүйеге әсері түсіндірілді. Қонақтар микрожасыл өсіріп, тозаңдандыратын жәндіктерге арналған шағын үйлер жасады, тұқымнан «тірі ашықхаттар» дайындап, құстар мен тиіндерге арналған жемсауыттар құрастырды.

    «Гүлдер әлемі» алаңында гүл композицияларын жасау бойынша шеберлік сабақтары өтті. Ал «Терезе алдындағы бақ» кеңістігінде тропикалық және субтропикалық өсімдіктер зертханасының мамандары бөлме өсімдіктерін күту жөнінде кеңес берді.

    Балалар мен ересектердің ерекше қызығушылығын ғылыми-танымдық алаң тудырды. Мұнда қатысушылар өсімдіктердің құрылысын микроскоп арқылы зерттеп, химиялық тәжірибелер жасап, жарықтың табиғатын таныды. Сондай-ақ өз қолдарымен кемпірқосақ жасап, «Жасыл планетаның коды» атты танымдық ойынға қатысты.

    «Шығармашылық шеберханада» киіз, өсімдіктер мен табиғи бояулар қолданылып, дәстүрлі қолөнер тәсілдері көрсетілді.

    InEco Fest 2026
    Фото: SteppeNews.kz\Рымқұл Аружан

    Экологиялық әдет күнделікті өмірден басталады

    GreenUp.kz қоғамдық қорының директоры Алия Сальменова экологияны адамдарға қойылатын шектеулер жиынтығы ретінде емес, күнделікті өмірдің табиғи бөлігі ретінде түсіндіру қажет екенін айтты.

    «Біз экологияны шектеулер жиынтығы ретінде емес, күнделікті өмірдің табиғи бөлігі ретінде көрсеткіміз келеді. Егер фестивальден кейін әр қонақ өзімен бірге кем дегенде бір жаңа экологиялық әдет алып кетсе, біз үшін бұл жақсы нәтиже», – деді Алия Сальменова.

    Фестиваль барысында қатысушылар экологиялық шешімдерді тек тыңдап қана қоймай, оларды іс жүзінде байқап көрді. Қалдықтарды сұрыптау, өсімдік өсіру, табиғи материалдармен жұмыс істеу және ғылыми тәжірибелер жасау арқылы экологиялық мәдениетті күнделікті әдетке айналдыру жолдары көрсетілді.

    Әйелдердің өзгеруі – отбасының өміріне әсер етеді

    Фестивальде ерекше балалары бар әйелдерді қолдау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. «Мама Про» қорының өкілдері әйелдердің білім алуына, өз қабілетін дамытуына, кәсіп бастауына және экономикалық дербестігіне мүмкіндік беретін жобалары туралы айтты.

    Қор өкілдерінің айтуынша, әйелдердің өзгерісі сырт көзге де байқалады. Алғашқы сабақтарға келген ана баласын күтушіге қалдыруға қиналып, жеке қажеттіліктерін ұмытып қалуы мүмкін. Бірнеше сабақтан кейін оның өзіне деген сенімі артып, жүріс-тұрысы мен көзқарасынан өзгеріс байқала бастайды.

    Қорда мұндай өзгерістің баланың дамуына да оң ықпал ететін жағдайлар кездесетінін атап өтті.

    Мысал ретінде Нина есімді әйелдің оқиғасы айтылды. Ол екі баласымен жалдамалы баспанада тұрып, қиын кезеңде қорға келген. Кейін тегін әлеуметтік медиа мамандығы бойынша білім алып, жаңа кәсіп игерген. Уақыт өте табысын арттырып, мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алған.

    Қор өкілдерінің айтуынша, мұндай мысалдар көп. Кейбір түлектер бастапқыда кәсібі болмаса да, өз ісін ашып, кейін оны кеңейтіп, 10–15 адамды жұмыспен қамтитын кәсіпкерге айналған.

    «Мама Про» қауымдастығында әйелдердің бір-біріне экономикалық және моральдық қолдау көрсетуі де маңызды орын алады. Қор өкілдері мұны «сенім экономикасы» және «сестриндік қолдау» ұғымдарымен сипаттайды.

    InEco Fest 2026
    Фото: SteppeNews.kz\Рымқұл Аружан

    Айнұр Құдайбергенова инклюзияны қоғамның ерекше қажеттілігі бар адамға қолайлы жағдай жасауымен байланыстырады.

    «Инклюзия – ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қоғамның толыққанды өміріне қосу. Бұл бөлек мектептер мен балабақшалар туралы ғана емес. Бұл – қоғамның ерекше адамға өзі өмір сүріп жатқан ортада жайлы өсіп, дамуына жағдай жасауы», – деді ол.

    Оның айтуынша, қолдау тек қаржылай көмекпен шектелмеуі керек.

    «Біз бір-бірімізді тек қаржылай емес, мінез-құлық арқылы да қолдауымыз керек. Ана абдырап тұрғанын көрсеңіз, жай ғана: “Мен сізге қалай көмектесе аламын?” деп сұраудың өзі маңызды», – деді Айнұр Құдайбергенова.

    «Өмір тоқтаған жоқ»: диагноз естіген анаға қандай сөз айту керек?

    Сұхбат барысында ерекше баланың диагнозын алғаш естіген ата-аналарға қоғам қандай қолдау көрсете алатыны да сөз болды.

    Айнұр Құдайбергенованың айтуынша, мұндай сәтте ана ең алдымен өзін кінәлауы мүмкін. Сондықтан оған психологиялық қолдау мен түсіністік қажет.

    «Диагнозды естіген кезде ана “өмір бітті” деп ойлауы мүмкін. Бірақ өмір бар, өмір өте керемет, өмір тоқтап қалған жоқ. Мен көп аналарға: “Сіздің балаңыз – сіздің осалдығыңыз емес, сіздің күшіңіз, сіздің ресурсыңыз” деп айтамын», – деді ол.

    Оның пікірінше, қоғам ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың күн сайын сырттан айтылатын орынсыз пікірлермен күресуге мәжбүр екенін түсінуі керек. Сондықтан кей жағдайда көмектесудің ең қарапайым жолы – артық сұрақ қоймай, кінәламай, түсіністік таныту.

    Бір сурет қоғамның көзқарасын өзгерте алады

    Фестиваль барысында экология тақырыбы фотожурналистика тұрғысынан да талқыланды. «National Geographic Qazaqstan» журналының жауапты редакторы әрі «KAZMEDIA HOLDING» компаниясының басқарушы директоры Айбын Шағалақ табиғатты қорғауда деректі фотографияның ықпалы туралы пікір білдірді.

    Оның айтуынша, кейде бір ғана сурет қоғамның белгілі бір мәселеге көзқарасын өзгерте алады.

    «Бір ғана суреттің өзі өзгерте алады. Егер ол сурет тұтас бір тарихты, тағдырды немесе сол кезеңдегі шындықты көрсетіп тұрса, ол бүкіл әлемді де өзгерте алады. Әлемдік фотография тарихында ондай суреттер көп», – деді ол.

    InEco Fest 2026
    Фото: SteppeNews.kz\Рымқұл Аружан

    Сұхбат барысында табиғатты қорғауға бағытталған халықаралық фотожобалар мысалға келтірілді. Маман Қазақстанда да сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің табиғи ортасын көрсету арқылы қоғамның назарын экологиялық мәселелерге аударуға болатынын айтты.

    Ол Алматы маңындағы таулы аймақта кездесетін эндемик түрлердің бірі – Орта Азия тритонына назар аударды. Оның сөзінше, мұндай жануарлар табиғи ортаның маңызды бөлігі болғандықтан, олардың жойылуы тұтас экожүйеге әсер етуі мүмкін.

    «Әрбір түр өз жаратылысымен бір-бірімен байланысты. Бір түр жоғалса, экожүйеде тағы қандай өзгеріс болатынын біз әрдайым біле бермейміз», – деді ол.

    InEco Fest 2026
    Фото: SteppeNews.kz\Рымқұл Аружан

    Маманның пікірінше, деректі фотосуретте кадрдың әдемілігі ғана емес, оның артындағы оқиға да маңызды.

    «Екеуі де маңызды. Егер фото әдемі әрі өте сәтті шықса, ол өзі-ақ оның артында қандай тағдыр, қандай оқиға тұрғанын айтып тұруы мүмкін», – деді ол.

    Музыкамен жалғасқан фестиваль

    InEco Fest 2026 аясында мәдени бағдарлама да ұйымдастырылды. Шара барысында Mezzo тобы өнер көрсетіп, Батырхан Шүкеновтің әндерін орындады. Музыкалық бағдарлама көрермендерге ностальгиялық көңіл күй сыйлап, фестивальдің отбасылық әрі ашық атмосферасын толықтырды. Фестиваль соңында қонақтар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

    Группа Mezzo
    Фото: SteppeNews.kz\Рымқұл Аружан

    InEco Fest 2026 экология, ғылым, шығармашылық және инклюзия бағыттарын бір кеңістікке біріктірді. Шараның негізгі идеясы – табиғатқа қамқорлық пен адамға қамқорлықты бір-бірінен бөліп қарауға болмайтынын көрInEco Fest 2026, Алматы, экология, инклюзия, Бас ботаникалық бақ, тұрақты даму, экологиялық мәдениет, ITeachMe, Мама Про, қоршаған ортасету.

    Өйткені экологиялық мәдениет тек қоқысты сұрыптаудан немесе табиғатты қорғаудан тұрмайды. Ол адамның айналасындағы ортаға, табиғатқа және басқа адамдарға деген жауапкершілігінен басталады.

     

    Айгерім Бейбітқызы