Қазақстан Президенті, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізіп, әскери реформаның жоспарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Жиында Мемлекет басшысы Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшінің өліміне байланысты әскердегі бірқатар жүйелі мәселеге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.
«Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, әскери салада түбегейлі өзгерістер қажет.
Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты кадрлық шешімдер қабылдадым. Сіздерге Қазақстан Республикасының жаңа Қорғаныс министрі Мырзахметов Айдос Сәкенұлын таныстырғым келеді. Айдос Сәкенұлы күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер – аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің жұмысын терең трансформациялау қажеттігін атап өтті.
Жақында Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратымен өткен жиында әскери салада атқарылатын басым міндеттерді айқындадым. Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қарулы күштерді цифрлық трансформациялау қажет екенін айтты. Адам еңбегін технологиямен алмастыруға болатын бағыттарда заманауи шешімдерді енгізу тапсырылды.
Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес, – деді Президент.
Қорғаныс министріне қандай міндеттер жүктелді?

Мемлекет басшысы жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовке бірқатар басым міндет жүктеді.
Бірінші міндет – бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін түбегейлі арттыру.
Бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, барынша нәтиже беруге тиіс. Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екінші міндет – заманауи қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы күштерге реформа жүргізу.
Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратына Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскери реформаның нақты жоспарын әзірлеу тапсырылды. Құжат қазан айының екінші жартысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.
Президент кадрларды бағалау мен іріктеудің ашық әрі нақты өлшемдерін енгізу қажет екенін айтты.
Әскери лауазымдарға басшының «өз адамдары» емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс, – деді Президент.
Үшінші бағыт – әскери қызметшілер арасында идеологиялық және тәрбие жұмысын күшейту. Бұл жұмыста Конституция құндылықтары, әскери іс тарихы, қазақ және әлем мәдениетінің жетістіктері негізге алынуы керек.
Президенттің айтуынша, армия кәсіби даярлық мектебіне, жан-жақты білім беретін ортаға және шынайы патриотизмді қалыптастыратын институтқа айналуы тиіс. Әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі басты басымдық болуы қажет.
Отан қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы, қасиетті парызы. Әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын айқын сезінуі керек. Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек. Әскер – жас сарбаздарды, еліміздің нағыз отаншыл азаматтарын тәрбиелеудің бұрынғы және қазіргі озық үлгілері ұштасқан кәсіби деңгейі жоғары институт болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент барлық әскери қызметшілердің, әсіресе жоғары бағаларға ие болып, қолбасшылық тарапынан марапатталғандардың қызметін объективті түрде көрсету қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы реформаның ауқымды тұжырымдамалары мен жол карталарын ғана әзірлеумен шектелмей, нақты әрі кезең-кезеңімен жүзеге асатын жоспар қажет екенін атап өтті. Әскерді реформалау жұмыстарын үйлестіру Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратына жүктелді.
Айта кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші Каспий теңізіне түсіп кеткен. Олардың 14-і қаза тапты.
Бүгін Қорғаныс министрлігінде кадрлық өзгерістер болды. Дәурен Қосанов министр қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.
Келесі материал: Қазақстан мен Шыңжаң туристік көпірлерді нығайтып жатыр
