Алматыда жеңіл рельсті көлік желісінің бірінші кезеңін іске асыруға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында 375 инженерлік желіні қайта орналастыру жоспарланған, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта негізгі жұмыстар Б. Момышұлы және Төле би көшелерінде жүргізілуде. Мамандар LRT желісі өтетін аумақты дайындап, құрылысқа кедергі келтіретін инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыруда.
Жоба бойынша қайта орналастырылатын 375 желінің құрамына жылу, байланыс, сумен жабдықтау және кәріз, нөсер кәрізі, газ және электр желілері кіреді.
Б. Момышұлы көшесінде, оның ішінде болашақ депо орналасатын аумақта 39 инженерлік коммуникацияны қайта орналастыру көзделген. Оның төртеуі бойынша жұмыс аяқталған.
Ал Төле би көшесінде 269 желі қайта орналастырылады. Қазір олардың 34-і бойынша жұмыстар аяқталды. Абылай хан даңғылында тағы 67 инженерлік желіні қайта орналастыру жоспарланған.
Жол қозғалысы сақталады
Құрылыс жұмыстары барысында ескі трамвай рельстері алынып, жолдың ортаңғы екі жолағында топырақ қазу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі талап – жолдың шеткі жолақтарындағы көлік қозғалысын барынша сақтау.
Инженерлік желілерді қайта орналастыру кезінде қажет болған жағдайда көлік қозғалысы қарсы бағыттағы бір жолақ арқылы ұйымдастырылады. Әкімдік мәліметінше, мұндай жұмыстарға байланысты кейбір учаскелердегі уақытша шектеулер әдетте бір-екі күннен аспайды.
Коммуникациялар босатылған учаскелерде LRT құрылымдарын орнату, шпалдар мен рельстерді төсеу сияқты келесі кезеңдегі жұмыстар басталады.
Құрылыс-монтаж жұмыстары қыс мезгілінде де жалғасады. Суық кезеңде топырақты қорғау, бетон құю, құрылымдарды жылыту және бетонның қажетті беріктікке жетуін қамтамасыз ететін арнайы технологиялар қолданылады.
LRT бағыты қай жерлермен өтеді?
Жобаның бірінші кезеңі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта, Мөңке би және Б. Момышұлы көшелерінің маңында орналасатын деподан басталады.
Одан әрі LRT желісі Б. Момышұлы көшесімен Төле би көшесіне шығып, шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін жалғасады. Бұдан кейін бағыт «Алматы-2» теміржол вокзалына жетіп, соңғы станция ретінде «Райымбек батыр» көлік-ауысу торабы қарастырылады.
LRT желісінің бірінші кезеңі толықтай жерүсті бағытта салынады. Жоба бойынша эстакада тұрғызу көзделмеген, ал қолданыстағы көпірлерді күшейту жоспарланған.
Желі іске қосылғаннан кейін Б. Момышұлы және Төле би көшелеріндегі жолдың ортаңғы екі жолағы тек жеңіл рельсті көлікке беріледі. Олар жиектастар арқылы бөлініп, жеке қозғалыс жолағын құрайды.
Бұл қоғамдық көліктің қозғалысын тұрақтандырып, оның жылдамдығын арттыруға және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
LRT қанша жылдамдықпен жүреді?
LRT пойыздарының ең жоғары техникалық жылдамдығы сағатына 65–70 шақырымды құрайды. Алайда аялдамалар арасындағы орташа қашықтық шамамен 700 метр болғандықтан, пойыздардың орташа қозғалыс жылдамдығы 30–35 км/сағ деңгейінде болады.
Арнайы бөлінген жолақ қоғамдық көліктің қауіпсіз әрі тұрақты қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған. Алматыдағы LRT желісінің бірінші кезеңін 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Дегенмен жоба мерзімі қажетті жылжымалы құрамды дайындау және жеткізу кестесіне байланысты өзгеруі мүмкін.
