Қырғызстанның Ыстықкөл облысында қуаты 100 МВт болатын жел электр станциясын салу жоспарланып отыр. Жобаны «Росатом» мен Ресей-Қырғызстан даму қоры бірлесіп жүзеге асырады. Бұл туралы SteppeNews.kz Sputnik.kg сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тараптар жел электр станциясын салу және пайдалану бойынша инвестициялық жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойды. Құжатқа Бостери ауылында өткен Қырғыз-Ресей экономикалық форумы аясында «Росатомның» жаңартылатын энергия бағытына кіретін «НоваВинд Кыргызстан» компаниясының басшысы Дмитрий Андреев пен Ресей-Қырғызстан даму қоры басқарма төрағасы Артем Новиков қол қойған.
«Росатом» жоба аясында жел энергетикасы нысанын жобалау, салу және кейін пайдалануға жауапты девелопер ретінде жұмыс істейді.
Компания өкілі Дмитрий Андреевтің айтуынша, қаржы институттарының қолдауы мен тиімді қаржыландыру моделі Қырғызстандағы инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді. Оның сөзінше, бұл елдің жаңартылатын энергетика саласына ірі инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.
Ресей-Қырғызстан даму қоры жаңартылатын энергетиканы елдің энергетикалық тұрақтылығын нығайтудың, инвестиция тартудың және Қырғызстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды бағыты ретінде қарастырады.
Бұған дейін жел электр станциясы Көк-Мойнок ауылында 200 гектар аумақта салынатыны хабарланған. Жоба жүзеге асқаннан кейін нысанның қуаты 100 МВт болады.
Сонымен қатар станция орналасатын аумақтағы жолдар мен жайылымдар жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді болып қала береді.
