Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богдановпен кездесті. Жиынға Беларусьтің Алматыдағы Бас консулы Денис Мелешкин де қатысты деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Алматы мен Беларусь өңірлері арасындағы байланысты нығайту мәселелерін талқылады.

Дархан Сатыбалды Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет пен сенім негізінде жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы байланысты нығайтуда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенконың сындарлы диалогы маңызды рөл атқарады. Халықаралық ұйымдар аясындағы кездесулер мен екіжақты байланыстар үкіметаралық және өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы шамамен 30%-ға өсіп, 1,2 млрд АҚШ долларынан асты. Алматының Беларусьпен сауда байланысы да артып келеді. 2025 жылы қаланың сыртқы сауда айналымы 480,6 млн АҚШ долларын құраса, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 287,7 млн долларға жетті.

Қазір Алматыда Беларусь капиталының қатысуымен 417 кәсіпорын тіркелген. Олар өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік, қойма қызметі, ақпарат және байланыс салаларында жұмыс істейді.
Кездесу кезінде қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, суды тазарту, жеделсаты жабдықтарын жаңғырту бағыттарындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар Almaty Innovation & Financial Zone арнайы экономикалық аймағы базасында өндірісті жергіліктендіру және инвестициялық бастамаларды іске асыру мәселелері сөз болды.
Кездесу қорытындысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейтуге, сондай-ақ өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.
Келесі материал: Дәстүрлі қытай медицинасы: ұзақ өмір сүру мен денсаулықтың құпиялары
