Қырғызстан делегациясының Қытайға жұмыс сапары аясында «Кыргызфармация» мемлекеттік кәсіпорны мен HUBEI TAIFU HOLDING GROUP CO., LTD. компаниясы арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы SteppeNews.kz 24KG сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Кәсіпорын мәліметінше, ынтымақтастықтың негізгі бағыты – Қырғызстандағы фармацевтикалық логистикалық инфрақұрылымды дамытуға жеке инвестициялар тарту. Бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Тараптар Бішкек пен Ош қалаларында заманауи автоматтандырылған фармацевтикалық логистикалық кешендер салуға бағытталған инвестициялық жобаларды алдын ала пысықтауда. Қазіргі таңда талқыланып отырған инвестиция көлемі шамамен 22 млн долларды құрайды.
Жобаларда дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды автоматтандырылған және роботтандырылған сақтау, сұрыптау және жинақтау технологияларын енгізу көзделген. Сонымен қатар қойма қорын цифрлық басқару және сақтау жағдайларын бақылау жүйелері қарастырылады.
Жаңа нысандар ұлттық фармацевтикалық логистика жүйесінің бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Олар дәрілік заттарды GDP стандарттарына сәйкес сақтауға, қажетті қор қалыптастыруға және ел өңірлерін үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Қол қойылған меморандум инвестициялық модельді, нысандардың техникалық параметрлерін және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін одан әрі нақтылауға негіз болады.
Келесі материал: Тегеранда Каспий теңізінің экологиясын қорғау мәселелері талқыланды
