Иран астанасы Тегеранда Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның (Тегеран конвенциясы) Уағдаласушы тараптар конференциясының жетінші сессиясы өтті деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Жиынға Қазақстан Республикасының делегациясы да қатысты. Оның құрамына Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері кірді.
КС-7 сессиясы Тегеран конвенциясының күшіне енгеніне 20 жыл толуына орай өтуімен ерекшеленді. Осы уақыт ішінде конвенция Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан арасындағы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғауға қатысты ынтымақтастықтың негізгі өңірлік тетіктерінің біріне айналды.
Сессия барысында Каспий өңіріндегі өзекті экологиялық мәселелер қаралды. Атап айтқанда, теңіз деңгейінің төмендеуі, бірегей экожүйе мен биоалуантүрлілікті сақтау, экологиялық мониторингті жетілдіру, деректер алмасу және Каспий маңы мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударылды.
КС-7 қорытындысында министрлердің мәлімдемесі және Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның Уағдаласушы тараптар конференциясының жетінші сессиясының шешімдері қабылданды.
Қазақстан үшін министрлер мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу туралы бастамасы ерекше атап өтілді.
Мемлекет басшысының бұл бастамасы Каспий теңізіндегі қазіргі өзгерістер жағдайында Каспий маңы елдерінің күш-жігерін біріктіруге және теңіздің су ресурстары мен экожүйесін сақтауға бағытталған кешенді тәсілді қалыптастыруды көздейді.
КС-7 барысында қабылданған құжаттар Каспий маңы мемлекеттері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және теңізді сақтау бағытындағы бірлескен практикалық шараларды жүзеге асыруға негіз болады.
Келесі материал: Эдирнедегі тарихи Мевлеви мекені реставрациядан кейін қайта ашылады
