Қызылорда қаласындағы «Арай» орталық демалыс паркінде орын алған қайғылы жағдайдың жаңа мәліметтері белгілі болды. Аттракционда аяғынан айырылған 18 жастағы бозбала қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды SteppeNews.kz Informburo.kz — ке сілтеме жасап.
Саябақ басшылығымен айналысатын «Сыр самалы» ЖШС директорының орынбасары Ғани Тұрсекеевтің сөзіне сүйенсек, зардап шеккен азамат аталған демалыс орнында аттракцион операторы болып қызмет атқарған. Бозбала бұл жұмысқа жазғы каникул кезінде қосымша табыс табу мақсатында орналасқан екен. Ол негізгі уақытта медициналық колледжде білім алады.
«Біздің қызметкеріміз, яғни оператор жігіт, аттракционның қоршауынан ішке кіріп кеткен. Оның ол жерге не себепті барғанын қазіргі уақытта арнайы тексеруші органдар анықтап жатыр. Қауіпсіздік техникасының қатаң ережелеріне сәйкес, аттракцион іске қосылып, жұмыс істеп тұрған сәтте оның аумағына кіруге мүлдем тыйым салынады», – деді серіктестік басшысының орынбасары.
Алдын ала тараған бейресми ақпарат бойынша, оператор жігіт «Американские горки» аттракционында жылап отырған баланы жұбату үшін ішкі аймаққа жақындаған көрінеді. Дәл осы сәтте қозғалыстағы кабина оның аяғын тартып кеткен.
Осы сұмдық оқиғадан кейін парктің аттракциондар орналасқан аумағы толықтай жабылып, жұмысын тоқтатты. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, ауруханаға жеткізілген жас жігіттің екі аяғына да ампутация жасалған. Оның жағдайы әлі де өте ауыр деп бағалануда, ол дәрігерлердің жіті бақылауында.
