SteppeNews.kz: «Екі сессия» аяқталып, бесжылдық жоспар қабылданғаннан кейін Қытай жасанды интеллект, цифрландыру, көлік және логистиканы дамытуға басымдық берді. Бұл бағыттар тек Қытайда ғана емес, экономикасы көршілес елмен тығыз байланысты Қазақстанда да кадрларға қойылатын талаптарды өзгертіп жатыр. Бейжің тіл және мәдениет университетінің (BLCU) Қазақстандағы филиал директоры Бауыржан Тілеуметов SteppeNews.kz басылымына берген сұхбатында IT-технологиялардың аудармашылар мен мамандарды даярлау ісіне қалай жаңаша серпін беріп отырғанын түсіндірді.
Бауыржан Тілеуметовтің пайымдауынша, Қытайдың жаңа экономикалық моделі маман даярлау ісіне түбегейлі өзгерістер енгізуде.
«Қытай тілі мен білім беру саласының сарапшылары ретінде біз бір маңызды жайтты аңғардық: экономикамен бірге кадр даярлау тәсілдері де өзгереді. Қытай жасанды интеллектке, цифрландыруға, көлік пен логистикаға баса назар аударады. Бұл бағыттар экономикалық тұрғыдан біз үшін де өте өзекті әрі маңызды», — деп атап өтті директор.
BLCU филиалы — кадрлар хабы
Филиал жаңа бесжылдықты жүзеге асыруға атсалысатын мамандарды даярлайтын негізгі орталықтардың біріне айналып отыр. Бауыржан Тілеуметов мұның іс жүзіндегі мәніне тоқталды:
«Біз болашақ түлектеріміздің тек сөздікке сүйенген аудармашы болғанын қаламаймыз. Олар бірінші-екінші курстан бастап нақты жобалармен жұмыс істеп, кәсіби талаптарды түсініп, практикалық дағдыларын қалыптастыруы тиіс».
Директордың айтуынша, экономика күрделеніп, тар бейінді салаларға бөлініп жатыр. Сондықтан болашақ аудармашылар тек тілді біліп қана қоймай, өздері араласатын жұмыс процесінің бүге-шігесіне дейін меңгеруі қажет.

«Егер жұмыс жасанды интеллект саласына қатысты болса, студенттер технологиялық процесті іштен тануы үшін оларды оқу барысында-ақ тікелей өндірістік тәжірибеге жіберуді жоспарлап отырмыз. Оқу бітіргенде олар жай ғана аудармашы емес, белгілі бір саланың қыр-сырын жетік білетін маман болып шығады».
Ол тағы бір маңызды ойды қосты: аудармашы өзінің не туралы айтып жатқанын түсінген кезде, жоба тоқтап қалмайды, керісінше, жұмыс қарқыны жеделдей түседі.
Бұл Қазақстан үшін неге маңызды?
BLCU директоры бұл мәселенің Қазақстан үшін маңызы зор деп санайды. Мұндай кәсіби кадрларды даярлау ел дамуының динамикасына үлкен серпін береді. Оның үстіне, Қытай еліміздің негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала бермек.
«Бұл үдерістен қалыс қалуға болмайды. Қазірден бастап білім беру саласында алдын алу шараларын қолға алып, Қытай тарапы — Бейжің тіл және мәдениет университеті ұсынатын озық әдістемелер мен технологияларды енгізуіміз керек. Бірге дамып, ортақ қарқынды ұстанамыз».
Білім беру базасына тоқталған Бауыржан Тілеуметов инфрақұрылымды кеңейту, оқу материалдарын жаңарту және жаңа технологияларды енгізу жоспарланып отырғанын айтты.
«Біз бір орында тұрмауға тырысамыз. Студенттер өздері жұмыс істейтін ортаға тез бейімделуі үшін жаңа әдістемелер мен цифрлық технологияларды қолданамыз. Оқу ортасы нақты жұмыс ортасына барынша жақын болуы тиіс».
Бірінші курстың өзінде филиалға мұнай, құрылыс және медицина саласындағы қытайлық бизнес өкілдері келеді. Олар білікті мамандарға зәру және өздеріне тек тіл білетін адам емес, жұмыс процесін түсінетін кадр қажет екенін жақсы біледі.
«Бұл біздің студенттер үшін қосымша кәсіби білім болып табылады», — деп түйіндеді Бауыржан Тілеуметов.
Оның айтуынша, жаңа бесжылдық жоспарда мамандар даярлауға ерекше мән берілген. Бүгінгі таңда IT, жасанды интеллект, сондай-ақ құрылыс пен логистика салаларында білікті кадрларға деген сұраныс өте жоғары.

