Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы (ХШЫО) аумағында құқық қорғау органдарының тиімді әрекеттесуін қамтамасыз ететін жаңа заң жобасын дайындады. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп жазады SteppeNews.kz.
ІІМ әзірлеген заң жобасы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы үкіметтері арасындағы «Қорғас» орталығында қауіпсіздік режимі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялауға бағытталған.
Халықаралық келісімнің басты мақсаты — екі елдің құзыретті органдары арасында орталық аумақтағы қоғамдық тәртіпті сақтаудың заңнамалық тетігін қалыптастыру.
Территориялық юрисдикция және құқық бұзушыларды ұстау
Келісімге сәйкес, «Қорғас» аумағында құқық бұзды деп күдікке ілінген немесе айыпталған Қазақстан, ҚХР, үшінші елдердің азаматтарын немесе азаматтығы жоқ тұлғаларды қылмыстық қудалау әр мемлекеттің өз шекаралық бөлiгіндегі аумақтық юрисдикциясына сай жүзеге асырылады.
Сонымен бірге, құқық бұзушылар шекарадан өтіп кеткен жағдайда тараптар бір-біріне қолдау көрсетеді:
«Егер қылмыс жасады деп күдікке ілінген немесе айыпталған тұлғалар екінші тараптың аумағына өтіп кетсе, тиісті құзыретті органдар бұл туралы қудалауды жүзеге асырушы Тарапқа хабарлайды және тергеу мен ұстау жұмыстарына жан-жақты көмек көрсетеді», — делінген құжат мәтінінде.
Төтенше жағдайлар мен форс-мажор кезіндегі әрекеттер
Құжатта орталық аумағында жаппай тәртіпсіздіктер, террористік актілер немесе адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар орын алғанда қолданылатын нақты алгоритм белгіленген. Мұндай сәттерде қос елдің құқық қорғау органдары қауіпті жою үшін заңды шаралар қабылдайды.
Дегенмен, төтенше жағдайлар немесе форс-мажор кездерінде тараптардың бірі ресми сұрау жібермесе немесе рұқсат алмаса, екінші мемлекеттің қызметкерлері мен әскери қызметшілері орталық шекарасын өзуіне құқығы жоқ.
Айта кету керек, заң жобасын қоғамдық талқылау 18 қарашаға дейін созылады.
Келесі материал: Базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңге бағамына қалай әсер етеді?
