SteppeNews.kz: Елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік пен жәбірлеу деректеріне шұғыл әрекет етудің бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі күшіне енді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңды іске асыру аясында қабылданған бұл құжат мемлекеттік органдардың жұмысын жүйелеп, әрбір баланың құқығын қорғауды жаңа деңгейге көтереді.
Жаңа ережелердің басты ерекшелігі – полиция, білім беру ұйымдары, медициналық мекемелер мен қорғаншылық органдарының міндеттерін нақты аражіктеп бергендігінде. Бұрын ведомстволар арасындағы байланыстың әлсіздігінен кейбір жағдайлар назардан тыс қалып жатса, енді бала құқығының бұзылуы туралы кез келген ақпарат қатаң бекітілген іс-қимылдар тізбегін іске қосады. Бұл жүйе жауапкершіліктің нақтылануына және көмек көрсету процесінің ашықтығына кепілдік береді.
Тәжірибеге алғаш рет енгізілген кейс-менеджерлер институты жүйенің негізгі өзегіне айналды. Әрбір анықталған оқиға бойынша арнайы маман бекітіліп, ол барлық тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіруге жауапты болады. Кейс-менеджер баланың мәселесі толық шешіліп, оның құқықтары қалпына келгенше қасында болып, үздіксіз қолдау көрсетеді. Мұндай тәсіл мемлекеттік органдар арасындағы «иесіздік» мәселесін жойып, зардап шеккен жеткіншектің тағдырына дербес жауапты тұлғаны анықтап берді.
Алгоритмде алғаш рет әрекет етудің қатаң уақыттық шеңбері белгіленген. Ақпарат құзырлы органдарға келіп түскен сәттен бастап санаулы сағаттардың ішінде нақты шаралар қабылдануы тиіс. Атап айтқанда, мәліметтер бір сағат ішінде бала құқықтарын қорғау органына жолданады, ал келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей кейс-менеджер тағайындалып, баланың өмір сүру жағдайына тексеріс жүргізіледі. Тиісті материалдарды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға өткізу үшін үш-ақ күн уақыт беріледі.
Құжатта көмек сұраудың арналары да кеңейтілген. Енді ресми арыз-шағымдар ғана емес, балалардың өздерінен түскен хабарламалар, «111» байланыс орталығының деректері, тіпті әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы жарияланымдар да тексеруге негіз болады. Бұл жұмысқа мобильді топтар мен психологиялық қолдау орталықтары түгел жұмылдырылып, қоғамдағы әрбір келеңсіздікке дер кезінде ден қою көзделген.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек енді бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылады. Оған медициналық жәрдемнен бастап, заңгерлік және психологиялық-педагогикалық қолдаудың толық пакеті кіреді. Ең маңызды жаңашылдықтардың бірі – бұдан былай мемлекеттік қорғау тек зорлық көрген балаларға ғана емес, сондай оқиғаларға куә болып, психологиялық соққы алған жеткіншектерге де бірдей көрсетілетін болады. Бұл қадам өскелең ұрпақтың психикалық саулығын сақтауға және болашақтағы ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
